Токио 2020: Он бірінші жарыс күнінің нәтижесі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Токио 2020: Он бірінші жарыс күнінің нәтижесі

02.08.2021

Токио Олимпиадасында грек-рим күресінен белдесулер жалғасып жатыр. Бүгін Қазақстан сапынан бозкілемге Демеу Жадыраев шықты. Ерлер арасында 77 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен отандасымыз жапониялық Якибу Сохейге жол берді. Тартысты белдесу 5:3 есебімен жапониялық балуанның еншісіне шешілді. Айта кетерлігі, Якибу Сохей финалға шыққан жағдайда Демеу Жадыраев жұбаныш белдесуінде күресуге мүмкіндік алады. Дегенмен бүгін қазақ жанкүйерлері үшін жағымды бір жаңалық болды.

Қандасымыз, Қытай қазағы Уалихан Сәйліке грек-рим күресінен 60 келіде қола жүлдегер атанды. Қытай грек-рим күресінен 2008 жылы Пекинде өткен Олимпиададан соң медаль алмаған. Ал бұл салмақта белдескен қазақстандық Мейрамбек Айнақұлов бірінші айналымда қырғызстандық Жоламан Шаршенбековтен жеңіліп, жүлдесіз қалған.

Ғасырда бір болатын көрсеткіш. Токиода екі бірдей спортшы бір алтын алқаны бөлісіп алды. Италиялық және катарлық жеңіл атлеттер биіктікке секіру бойынша 2 метр 37 сантиметрді бірдей бағындырған. Қазылар алқасы 2 метр 39 сантиметрге ешкім секіре алмағандықтан, алтынды Баршим мен Тамбериге бірдей беруді ұйғарды. Олимпиада тарихында жеңіл атлетикадан екі спортшының алтын иеленуі тек екінші мәрте ғана қайталанып тұр. Бұған дейін 1912 жылғы Олимпиада ойындарында бір спорт түрінен екі атлет алтын еншілеген. Бұл жайттан спортшылардың қуанышы қойнына сыймады.

Қазақстан ұлттық құрамасы жалпыкомандалық есепте 71-орында. Ал көш басында Қытай құрамасының спортшылары. Оларда алтын алқа саны 29-ға жетті. Америка Құрама штаттары екінші орында келеді. 22 алтын. Жарыс қожайындары да қалысар емес. Жапония спортшылары 17 алтын медальді еншілеп, үздік үштікті түйіндеп отыр. Аустралияның спортшылары 4-орында келеді. Олар 14 алтын алқаны иеленген. Ал біздің ұлттық құраманың қанжығасында әзірге 3 қола медаль бар.

Хабарламаларға жазылу