Токио 2020: Алтыншы жарыс күнінің нәтижесі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Токио 2020: Алтыншы жарыс күнінің нәтижесі

29.07.2021

Елена Рыбакина финалға шыға алмады. Теннисші Рыбакина жартылай финалда швейцария спортшысы Белинда Бенчичке жол берді. Тартысты өткен кездесу 2 сағат 44 минутқа созылды. Алғашқы сетте отандасымыз 5:2 есебімен алға шыққан. Алайда қаттелікке бой алдырып, қарсыласына есе жіберді. Екінші сетте таразы басын теңестіріп, үміт отын сыйлаған. Алайда соңғы сетте швецария спортшысы 6:3 есебімен басым түсті. Енді Елена Рыбакина Олимпиаданың қола жүлдесі үшін таласады.

Боксшыларымыз үшін бүгінгі күн сәтті өтті. Шаршы алаңға бірінші болып 75 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Әбілхан Аманқұл шықты. Ол өзбек спортшысы Фанат Қахромоновпен жұдырықтасты.Тартысты жекпек-жектің бірінші раундында төрешілер жеңісті өзбек боксшысына берді. Алайда, екінші раундта Әбілхан қарсыласын нокдаунға жіберіп, үшінші кезеңде де қарсыласынан басым түсті. Нәтижесінде, төрешілер қазақстандық боксшының жеңісін мойындап, Аманқұл келесі айналымға өтті. Ширек финалда Әбілхан бразилиялық Эберт Консейса Соузамен қолғап түйістіреді. Кездесу 1 тамызға жоспарланған. Бокстан Қазақстан командасының капитаны Қамшыбек Қоңқабаев та жеңісті жолды жалғастырды. Қамшыбек сегізден бір айналымда Египет боксшысы Есри Мұстафаны айқын басымдықпен ұтты. Жекпе-жек толығымен қазақстан спортшысының бақылауымен өтті. Нәтижесінде, төрешілер бірауыздан жеңісті Қоңқабаевқа берді. Қоңқабаевтың ширек финалдағы қарсыласы ресейлік Иван Верясов. 

Ал байрақты бәсекедегі садақ атудан жекелей сын жалғасып жатыр. Отандасымыз Ильфат Абдуллин он алтыдан бір айналымда нидерландтық Стив Виджлермен кездесіп, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Енді келесі айналымда Ильфат қытайлық ЛИ Цзялунмен бақ сынасады. Бұл сайыс 31 шілде күні өтеді деп жоспарланған. Еске сала кетсем, бұған дейін жерлесіміз британдық Джеймс Вудгейтті 7:3 есебімен ұтқан болатын. Ал садақ ату бойынша олимпиада ойындарында сынға түскен тағы бір спортшымыз Денис Ганькин он алтыдан бір финалдық бәсекеде жарыстан шығып қалды. 

Қазақстан ұлттық құрамасы әзірге жалпыкомандалық есепте 55-орында келеді. Ал көш басында Қытай құрамасының спортшылары. Оларда 15 алтын. Жарыс қожайындары қалысар емес. Жапония спортщшылары да 15 алтын медальді еншілеген. Алайда күміс пен қола алқа жағынан қалып отыр. Ал ең көп медальді иемденген Америка Құрама штаттары үздік үштікті түйіндеп отыр. Дегенмен оларда алтын медаль саны 14. Ресей Олимпиада комитеті туының астында өнер көрсетіп жатқан спортшылар 4-орында келеді. Олар 8 алтын алқаны иеленген. Ал біздің ұлттық құраманың қанжығасында әзірге 3 қола медаль бар.

Хабарламаларға жазылу