Токио 2020: Бесінші жарыс күнінің нәтижесі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Токио 2020: Бесінші жарыс күнінің нәтижесі

28.07.2021

Токиодоғы бәсекеде бүгін теннисші қызмыз Елена Рыбакина қуантты. Ол Олимпиада ойындарының жартылай финалына шығып, жүлдеге бір табан жақындай түсті. Ширек финалда ол әлемдік рейтингте 9-орында тұрған испаниялық Гарбинье Мугурусамен кездесіп, басым түсті. Бірінші сетте қазақстандық теннисші 7:5 есебімен жеңді. Ал екінші сетте 6:1 есебімен, айқын басымдық көрсетті. Кездесу бас аяғы 1 сағат 34 минутқа созылды. Енді жартылай финалда Рыбакина швейцариялық Белинда Бенчичпен кездеседі. 

Токио төрінде шаршы алаңға шығып жатқан боксшыларымыздың жолы болар емес. Бабы келіспеді ме әлде бағы жанбады ма бүгін үш бірдей былғары қолғап шебері жарыс жолынан шығып қалды. 2019 жылғы әлем біріншілігінде топ жарған Бекзат Нұрдаулетов бірінші айналымнан ары аса алмады. Ол ресейлік спортшы Имам Хатаевтан жеңіліп қалды. Ал 57 келі салмақта өнер көрсетіп жүрген Серік Теміржанов сегізден бір финалда америкалық боксшыдан ұтылып қалды. Әйелдер боксынан сынға түскен жалғыз отандасымыз Надежда Рябец болса алғашқы кездесуінде канадалық Тамара Тибоға жол берді. Осылайша Қазақстан құрамасы сапынан барған 9 боксшының бесеуі үшін олимпиада ойындары аяқталды.Бұған дейін Абылайхан Жүсіпов пен Василий Левит жеңіліс тапқан еді. Әзірге жарысты Сәкен Бибосынов, Зәкір Сафиуллин, Әбілхан Аманқұл және Қамшыбек Коңқабаев жалғастырып жатыр.

Дмитрий Баландин 200 метр қашықтықта брасспен жүзуден финалға шыға алмады. Жартылай финалдық бәсекелер кезінде Баландин 200 метрді 2 минут 9 секунд, 22 миликундта жүзіп, 16 спортшының арасында 11-ші орынға ие болды. Ал Олимпиада ережесіне сәйкес, финалға үздік көрсеткішке ие болған 8 спортшы ғана шыға алады. Айта кетейін, іріктеу кезінде Баландин 200 метрді 2 минут 8 секундта жүзіп өткен. Ал 2016 жылы Рио Олимпиадасында Дмитрий дәл осы қашықтықта алтын медальді жеңіп алған болатын.

Дзюдошы Ислам Бозбаев Олимпиаданың екінші айналымында жеңіліп қалды.Ерлер арасында 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен ол әзірбайжандық қарсыласын ұта алмады. Мамадәлі Мехдиевпен өткен кездесу қосымша уақытқа дейін созылды. Қосымша уақытта отандасымыздың қарсыласы әдіс жасап, "ваззари" ұпайымен Ислам Бозбаевты ұтты. Осылайша, дзюдодан Қазақстан құрама командасы Токио Олимпиадасын бір қола жүлдемен аяқтады. Ел қоржынына қола жүлдені Елдос Сметов салған болатын.

Қазақстан ұлттық құрамасы әзірге жалпыкомандалық есепте 47-орында келеді. Ал көш басында Америка Құрама штаттарының спортшылары. Олар ең көп медальді иемденген. Қытай құрамасы екінші орында келеді. Дегенмен оларда да 9 алтын. Жарыс қожайындары Жапония спортшылары да қалысар емес. Күншығыс елінің еншісінде 9 алтын, 3 күміс, 5 қола. Ресей Олимпиада комитеті туының астында өнер көрсетіп жатқан спортшылар 4-орында келеді. Олар әзірге 7 алтын алқаны иеленген. Ал біздің ұлттық құраманың қанжығасында әзірге 3 қола медаль бар.

Хабарламаларға жазылу