Ауыл әкімдерінің сайлауы: Жамбыл облысында 116 үміткер бақ сынап жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауыл әкімдерінің сайлауы: Жамбыл облысында 116 үміткер бақ сынап жатыр

25.07.2021

Жамбыл облысы жұртшылығы да саяси додадан шет қалмады. Бектөбе ауылының тұрғындары жаңа әкімді таңдау үшін таңертеңнен сайлау учаскелеріне ағылды.

Сәбит Әлдебай, тілші:
Жамбыл облысында да ауыл әкімдерін сайлау қызу өтуде. Қазір аймақтың түкпір-түкпірінде ашылған 38 сайлау учаскелері таңғы сағат жетіден бастап жұмыс істеуде. Біз қазір облыс бойынша сайлаушылар ең көп тіркелген Жамбыл ауданындағы № 162 сайлау учаскесінде тұрмыз. Бүгін тұрғындардың дауыс беруі арқылы 5 мыңнан астам тұрғыны бар Бектөбе ауылына жаңа әкім сайланады. Мұнда үш мыңға жуық сайлаушы бар. Біз тұрған елді мекен бойынша 4 кандидат тіркелген. Қазір сайлаушылар лек-легімен сайлау уческелеріне келіп жатыр.

Жалпы, Жамбыл облысында саяси додаға 116 үміткер қатысып отыр. Сайлау барысында 194 байқаушы сайлаудың әділ өтуіне атсалысады. Ал облыстағы барлық сайлау учаскелеріне 104 302 сайлаушы келеді деп күтілуде. Ол әрине ауыл тұрғындарының белсенділігіне байланысты.


Хабарламаларға жазылу