Павлодар облысының 44 ауылдық округінде сайлау өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысының 44 ауылдық округінде сайлау өтіп жатыр

25.07.2021

Аймақтардағы ауыл тұрғындарының көпшілігі таң сәріден барып дауыс берген. Павлодардың іргесіндегі Кенжекөл халқыда сайлауға белсенді қатысуда.

Болат Аманбаев, тілші:
Өңірдің 44 ауылдық округінде сайлау өтіп жатыр. Дауыс беруге 130 елді мекенде тұратын 52 мың сайлаушы құқылы. Әкім болудан үміткер 142 адам тіркелді. Ер-азаматтарға қарағанда нәзік жан иелері екі есеге жуық көп. Қазір дауыс берудің нағыз қызған шағы. Аумақтық сайлау комиссиясы мәліметіне қарағанда әзірге заң бұзушылық деректері жоқ. Дәл қазіргі уаықтта Кенжекөлдегі сайлаушылардың 30. пайызы өз таңдауларын жасаған. Бұл жөнінде кеңірек осы сайлау учаскесі комиссиясының төрайымы Самал Маратқызы айтып береді.

Самал Қалиева, №50 сайлау участогі комиссиясының төрайымы:
Біздің №50 сайлау учаскесінде 2229 адам тіркелген болатын. Негізі халықтың легі сағат 9:00-ден бастап келіп жатыр. Себебі ауылдық жер болғандықтан асықпайды. Дауыс берушілердің көбі үлкен адамдар, орта жастағы адамдар келіп жатыр. Үміткер кандидаттар саны 5-еу. Оның 3-і париялардан, қалған 2-і өзін-өзі ұсынған кандидаттар.

Болат Аманбаев, тілші:
Бұл сайлаудағы айтпай кетпеуге болмайтын бір ерекшелік, ауыл әкімі болуға үміткерлердің арасында Нұр-Сұлтан және Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары бар. Әрине, бұның заңға еш қайшылығы жоқ. Ал ауыл халқы осы саяси науқанға қатысу арқылы өздері қолдаған әкімді сайлап алады. Демек, тікелей дауыс берудің нәтижесінде ауылдың болашағын ойлайтын, шаруаға пысық әкімдерді көреміз деп сенеді тұрғындар.


Хабарламаларға жазылу