Президент Рухия Байдүкенованы «Славян базарындағы» жеңісімен құттықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Рухия Байдүкенованы «Славян базарындағы» жеңісімен құттықтады

19.07.2021

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жас әнші Рухия Байдүкенованы «Славян базары» байқауындағы сенімді жеңісімен құттықтады. 14 елдің өкілі қатысқан дәстүрлі фестиваль Белорусияның Витебск қаласында өткен болатын. Айта кетерлігі, соңғы 7 жылда айтулы байқауда 3 қазақ әншісі топ жарып отыр.

Мемлекет басшысы құттықтауында әншінің толағай табысы тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында барша қазақстандықтар үшін тамаша тарту болғанын айтты. Үздік өнерімен топ жарған Рухия «Алтын лира» статуэткасымен бірге 20 мың АҚШ долларына ие болды.

Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
Рухияш, тағы айтарым, үлкен рахмет. Осы ұстаздарыңның, мемлекеттің үлкен үмітін ақтадың. Әрине, алда да сендерден Қазақстанымызды бүкіл әлемге атын шығаратындай керемет әндеріңмен, әуендеріңмен шығасыңдар деп біз сенімдеміз.

Витебскте өткен өнер додасына биыл 14 елдің өкілі қатысты. Сербия, Белорусия, Украина, Словакия және Әзербайжан өнерпаздары жүлдегерлер қатарынан көрінді. Ал гран при қазақстандық әншінің еншісінде.

Айман Мұсақожаева, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры:
Бәріміз қуанып жатырмыз. Осындай үлкен жетістігіңе қуанып, барлығымыз рахмет айтып жатырмыз. Сені құттықтаймыз!

Рухия Байдүкенова Талдықорған қаласында туған. Қазақ Ұлттық өнер университетінде оқиды. Айта кетейік, «Славян базары» байқауы 1992 жылдан бері өткізіліп келеді. 2015 жылы Димаш Құдайберген, 2019 жылы Әділхан Макин Қазақстан атынан қатысып, бас жүлдені иеленген болатын.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу