Алматы кіреберісінде бекеттер қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы кіреберісінде бекеттер қойылды

16.07.2021

Алматыда Құрбан айт мерекесі қарсаңында шектеу шаралары күшейді. Бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшин жаңа қаулыға қол қойды. Шаһарда эпидахуалдың ушығуына байланысты Құрбан айт намазы оқылмайды. Ал құрбандық әкімдік бекіткен арнайы орындарда ғана шалынады. Сондай-ақ, мал кіргізуге жол бермеу үшін бүгіннен бастап қала кіреберістерінде тексеру бекеттері қойылды. Тілші Нұрхан Нұрланұлы толықтырсын.

Бүгіннен бастап қалаға мал әкелуге қатаң тыйым салынды. Жүк көліктерін тексеру үшін мегаполистің 12 кіреберісіне өткізу бекеттері қойылды. Мұнда полицейлер, экологтар мен ветеринар мамандар 22 шілдеге дейін жұмыс істейді. Талапқа сәйкес, малды онлайн құрбандық үшін арнайы орынға жеткізуге рұқсат алғандар ғана тасымалдайды.

Есен Мырзагелді, Мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспектор:
Келе жатқан малдардың өзінің ветеринариялық анықтамасы болады. Ол қай жаққа бара жатыр, егесі. Сол анық қаралады. Егер баратын адресі анық болмаса, кейін қайтарылады. Бүгінгі таңға ондай жағдайлар әзірге болған жоқ.

Жаңа қаулыға сәйкес, қалада 20-22 шілде аралығында түрлі ұйымдарда, жеке үйлер мен медреселерде көпшілік шара ұйымдастыруға, мегаполис аумағындағы мал сою цехтары мен базарлардың жұмысына да тыйым салынды. Тұрғындар тек өткен жылғы тәжірибе бойынша qurban2021.kz сайты арқылы өтініш беріп, онлайн режимде құрбан шалады. Оны үйлестіру үшін арнайы жұмыс тобы құрылған.

Төлеби Оспан, қаланың бас имамы:
Олар тапсырыс алудан бастап, мал сою, видео есеп жолдау, еттерді мұқтаж жандарға тарату сынды жұмыстарды жүргізетін болады. Сайт арқылы құрбандық шалуға тапсырыс беру 15 шілдеден бастау алып, 22 шілде сағат 14:00-ге дейін жалғасады.

Қазір қалада эпиджағдай ушығып тұр. Соңғы тәулікте 885 адамнан вирус анықталды. Инфекциялық стационарларда 2200-ден астам адам емделіп жатыр. Әсіресе, оқушылар арасында ауру жұқтыру көрсеткіші күрт өсті. Ал бұған «дельта» штамының таралуы мен вакцина туралы теріс пікір айтатындар себепші деді Жандарбек Бекшин.

Жандарбек Бекшин, қаланың мемлекеттік бас санитар дәрігері:
Шілденің екі аптасында 185 бір жылға толмаған нәресте ауырып жатыр. Оқушылардың арасында былтыр 280 ғана жағдай болып еді. Биыл 5 мың жағдайға тіркеліп жатыр, осы 6 жарым айда.

Науқастардың басым бөлігі вирусты көпшілік орындарда, сауда үйлерінде жұқтырған. Сондықтан, мамандар қаладағы ахуалды тұрақтандыру үшін мереке күндері карантин талаптарын барынша сақтауға шақырды.

Нұрхан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу