Ауыл әкіміне үміткерлердің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауыл әкіміне үміткерлердің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары басталды

15.07.2021

Елімізде ауыл әкіміне үміткерлердің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары басталды. Кандидаттарға халықпен кездесіп, өз бағдарламасын кеңінен таныстыруға 10 күн берілген. Бүгінде бұл бағытта әр өңірде қызу науқан жүріп жатыр.

Мәселен, Павлодар облысында ауыл әкімі атануға Нұр-Сұлтан мен Петропавл қаласының тұрғыны өтініш берген. Олар Баянауыл және Май ауданында үміткер болып тіркелді. Жалпы аймақта 44 ауылдық округтің тұрғындары дауыс беруге қатысады. Ауылбасы болуға үміткерлердің саны кей елді мекенде 5 адамға дейін жетті. Ал құжаттары сайлау заңының талабына сай келмегендіктен кандидаттардың 20 пайызы алынып тасталды.

Нұрлан Нәбиев, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі:
168 үміткердің 142-і тіркелді. Олардың 52 саяси паритялардан, 90-ы өзін-өзі ұсынған. Орташа бәсекелестік 3 кісі бір орынға.

Сыр өңірінде 134 кандидат ауыл әкімі болуға талаптанып отыр. Жаңа форматтағы сайлау 40 ауылдық округте өтеді. Солардың бірі, Майлытоғай елді мекені. Мұнда 750-дей халық бар. Әкім лауазымына 4 үміткер тіркеліп, бәсекелестік өте жоғары болып тұр. Тұрғындар кандидаттардың ішінен «елге шын жаны ашып, аянбай еңбек ететін азаматты таңдаймыз»- дейді.

Сәрсенбай Піртаев, Майлытоғай ауылының тұрғыны:
Бізге еліміздің ауылымыздың жыртысын жыртып, көтермелеп тұратын еті тірі азамат болса дейміз. Алға қарай жетелейтін жастарды, әрі қарай көркейтетіндей бір азамат болғаны дұрыс қой енді.

Әкім болуға талаптанған 134 кандидаттың 49-ы саяси партиялардан, қалғаны өзін-өзі ұсынған үміткерлер. Жалпы Қармақшы, Арал, Жаңақорған аудандарында әкімдікке талас тартысты болайын деп тұр. Бүгінде 54 сайлау учаскесі кіші саяси доданы өткізуге дайын.

Әділбек Серікұлы, Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу