ҚХП онлайн-митинг өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ҚХП онлайн-митинг өткізді

11.12.2020

Қазақстанның халық партиясы үгіт-насихат науқанын виртуалды-митингтен бастады. Еске салайық, саяси бірлестік жуырда ребрендинг жүргізіп, сайлауға жаңа атаумен қатысып жатыр. Бұдан былай коммунистер енді халықшылдар деп аталады. «Адал» саяси партиясы да үгіт-насихат кезеңіне толық дайын. Партияның әр ауданға, әр өңірге арнайы әзірлеген бағдарламасы бар.

Қазақстан халық партиясының «Мемлекет міндетті» деген хэштегі бар онлайн-науқанды партия төрағасы Айқын Қоңыров бастап берді. Виртуалды-митинг барысында айтылған талап-міндеттер жан-жақты қамтылды. 

Айқын Қоңыров, Қазақстан халық партиясының төрағасы: 
Әр азамат ақ параққа «Мемлекет міндетті» деген хэштегпен өз талабын жазып, оны әлеуметтік желіге жүктей алады. Осылайша Қазақстан халық партиясының бағдарламасында айтылған міндеттер бойынша реформа қажет екенін білдіреміз.

Жалпы, республикалық сайлауалды штаб желілік кесте әзірледі. Ол бойынша партия мүшелері елдің әр өңірінде жұмыс істейді. Сайлаушылармен бірнеше кездесулер жоспарланып отыр.

Айқын Қоңыров, Қазақстан халық партиясының төрағасы: 
Қазақстанның халық партиясы бұл сайлауалды науқанда «Халық, Жер. Әділдік» деген ұранды ту етіп отыр. Біздің бағдарлама қарапайым халыққа қызық болар деген 10 басты бөлімнен құралған.

Партия төрағасының айтуынша, жоғарыда айтылған негізгі міндеттер қоғамдық қабылдауда болған азаматтардың басты талабына кіреді. Қазақстан халық партиясының сайлауалды штабы мен үгіт-насихат топтарын ресми таныстыру жұмыстары бүгін басталды.

«Адал» партиясында биыл өзгеріс көп. Әуелі саяси ұйымның атауы өзгерді. Кейіннен Саяси кеңестің құрамы толық жаңарды. Оған ел алдында жүрген, өз саласын жетік меңгерген мамандар тартылды. Партия атынан Парламент Мәжілісіне 16, ал жергілікті мәслихаттарға 302 үміткер ұсынылып отыр. 

Назым Жанғазинова, «Adal» саяси партиясының ресми өкілі:
16 кеңес мүшесінің барлығы үлкен сарапшылар. Олар өздерінің мамандықтарында беделді кісілер. Жетістікке жеткен мамандар. Дұрыс айтасыз, олар бағдарлама жасағанда өз үлесін қосты. Бұл жаңа деңгейдегі жұмыс, жаңа көзқарас, жаңа бағдар. 

Партияның белгілеп алған бес бағыты бар. Үміткерлердің айтуынша, үгіт-насихат жұмыстары кезінде әр ауданның, әр облыстың ерекшелігі ескеріледі. Мәселен, кей өңірлерде кәсіпкерлікке басымдық берілсе, енді бірінде жұмыссыздық мәселесі көтеріледі. Ал кей жиындарда көтерілуі тиіс мәселені тұрғындардың өзі ұсынады. 

Мақсат Толықбай, «Adal» саяси партиясы саяси кеңесінің мүшесі:
Арнайы платформа жасадық. Сайт. Бұл жерде 6500 ауыл, сіздің де, біздің де әрқайсыңыздың ауылы бар. Қазірдің өзінде тұрғындар кіріп, дауыс беріп, негізгі проблемаларды көрсетіп жатыр. Бізде бір банк жүйесі бар, сервис жағынан алдыға шығып кеткен. Өте ыңғайлы. Біз партиялардың арасынан цифрлы партияға айналғымыз келеді. Халыққа ыңғайлы, халыққа қолайлы. 

Ауыл мәселесінен бөлек, партия кәсіпкерлікті дамытуға ден қойып отыр. Қажет болса, әр азаматқа бизнес-жоспар әзірлеуге дайын. 

Асима Нұрбайқызы


сайлау

Хабарламаларға жазылу