Елордада газдандыру жоспарынан тыс қалған тұрғындар наразылыққа шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада газдандыру жоспарынан тыс қалған тұрғындар наразылыққа шықты

13.07.2021

Елордада газға қатысты тағы да дау туды. Бұл жолы Оңтүстік шығыс тұрғын алабындағы 8 көшенің тұрғындары наразылыққа шықты. Олар әу баста шаһарды газдандыру жоспарында болғанын, бірақ кейін белгісіз себеппен тізімнен тыс қалғанын айтады. Мәселенің мән-жайын тілшіміз тыңдап келді...

Оңтүстік шығыс тұрғын алабындағы отбасылардың дені үйлеріне осындай пеш орнатып қойған. Өйткені, жауаптылар биыл бұл аумаққа газ тартылады деп уәде берген дейді тұрғындар.

Қайыргелді Қалиев, қала тұрғыны:
2019-да басталды ғой. Газ келеді, 2020-ның қазанында қосамыз деді. Енді міне еш нәрсе де жоқ.
Жамал Қалиева, қала тұрғыны:
Неге біздің ауылды газға қоспаған.

Мұнда тұратын 150-ге тарта отбасының көкейінде жүрген басты сұрақ осы. Ашынған азаматтар мәселені ашық көтерген соң әкімдік өкілдері кездесуге келді. Олар қаланың бұл бөлігі газдандыру жоспарынан неге тыс қалғанын түсіндірді.

Төлеген Құлышев, қалалық отын-энергетикалық кешен және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы:
Осы жерде негізі алдында орталық жылу қосылған негізі. Сондай ой болған. Бірақ, біздің ТЕЦ-тердің қуаты жетпей жатыр.

Басқарма басшысы жұмыс қашан басталатынын айтқанымен, қай уақытта аяқталатынын айтпады. Ал, тұрғындар күздің соңында басталған іс жылдың соңына дейін созылып кете ме деп қорқады. Оның үстіне арқаға қыстың ерте келетіні тағы бар. Мәселен, былтыр жылыту маусымы қыркүйекте басталып кеткен. Сондықтан, газдың пешін алуға шығындалып қойған азаматтар енді көмір сатып аларын немесе алмасын білмей отыр. Өйткені оған да айына 70-80 мың теңге кетеді дейді.

Амангелді Сейітхан


Хабарламаларға жазылу