Қытай астанасы Бейжіңде нөсер жаңбыр құйды. Метеорологиялық станциялардың мәліметінше, қалаға 70 мм-дей жауын-шашын жауған. Осыған орай халықаралық әуежайда 300-ге жуық ұшақ рейсі кейінге қалдырылды. Соңғы деректерге сай, кейбір бағыттарға қатынайтын пойыздардың да қозғалысы шектелмек. Нөсер жауыннан елдің оңтүстік-батысында су тасқыны жүрді. Өткен жұмадан бері Сычуань провинциясына дамылсыз жауған жауын кезінде бес мыңдай адам қауіпсіз жерге көшірілген. 14 өзен деңгейі көтеріліп, 120 мыңдай адам қауіпті аймақта қалды. Көптеген үйлерде электр жарығы өшіп, егістік жерлерді су басқан. Ауа-райы мамандары өңірде жауын әлі бірнеше күн бойы жауатынын болжап отыр. Елдің солтүстігінде де осыған ұқсас жағдай. Хэбэй провинциясының билігі тұрғындарға су тасқыны қаупін ескертіп, абай болуға шақырды.
Арай Төлеген