Нұрсұлтан Назарбаев Glencore International компаниясының басшылығымен кездесті. Елбасы компания басшысы Айван Глазенбергке Қазақстанның тау-кен өнеркәсібін дамытуға қосқан үлесі үшін ризашылығын білдірді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті негізгі инвесторы Glencore International болып табылатын «Қазмырыш» серіктестігінің тиімді жұмысын атап өтті. Жиырма жылға жуық уақыт табысты жұмыс істегеннен кейін сіз компания басшысы лауазымынан кетіп жатырсыз. Біздің тиімді ынтымақтастығымыз мемлекет бюджетіне қомақты кіріс әкелді. Осы уақыт ішінде компанияның өндірістік көрсеткіштері айтарлықтай ұлғайды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сондай-ақ Елбасы «Қазмырыш» кәсіпорны өңірдің экологиялық және әлеуметтік мәселелерін шешуге белсене атсалысып жүргеніне тоқталды. Өз кезегінде Глазенберг Нұрсұлтан Назарбаевқа тау-кен саласы еңбеккерлеріне көрсеткен қолдауы үшін, сондай-ақ тәуелсіздік жылдарында елде қолайлы инвестициялық климат қалыптастырғаны үшін алғысын білдірді.
Дарын Сағитов