Президент бірнеше шетелдік компания басшыларын қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент бірнеше шетелдік компания басшыларын қабылдады

07.06.2015
Президент бірнеше шетелдік компания басшыларын қабылдады

Шетелдік инвесторлар кеңесінің бұл 28-ші отырысы. Жылына кемінде бір рет өтеді. Ел үшін, экономика үшін аса маңызды болғандықтан, бұл кеңеске міндетті түрде Мемлекет басшысы өзі қатысады. Ақылдасады. Инвесторлар талап-тілегін көзбе көз отырып  тыңдайды. 

Президент осы форум шеңберінде бірнеше инвесторды Ақордада қабылдады. Алғашқысы - Джеймс Коулз. «Citigroup» компаниясының бас атқарушы директоры.

Кездесуде Қазақстанның бұдан әрі қарай дамуының бес институционалдық реформаны қамтитын негізгі жоспарлары талқыланды. Тағы бір инвестор - Тим Гитцель. «Cameco» компаниясының бас басқарушы директоры. Тараптар Қазақстандағы уран өндіру саласының келешегі туралы сұхбаттасты. 

Тим Гитцель өз кезегінде  «Cameco» және «ҚазАтомӨнеркәсіп» компаниялары арасындағы ынтымақты нығайтудың маңыздылығына тоқталған. Сондай-ақ, Елбасы «Glencore International» компаниясының бас атқарушы директоры Айван Глазенбергті де қабылдады.

Нұрсұлтан Назарбаев компанияның Жәйрем тау-кен байыту комбинатын меншігіне алуының маңыздылығын, оның айтарлықтай әлеуетке ие екенін айтты. Өйткені, Жәйрем кенішін одан әрі дамыту компанияның шикізаттық базасын кеңейтуге мүмкіндік береді әрі қорғасын-мырыш саласының ұзақмерзімді тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

Ақордада болған тағы бір инвестор - Брайан Хамилтон. Daqri компаниясының  вице-президенті. Ол компанияның Қазақстанның инновациялық дамуын қолдайтынын, осы мақсатта мамандарға  өз тәжірибесін  үйрететінін айтты. Daqri компаниясы «EXPO-2017» шарасына  қатысуға дайын.

Мейіржан ӘЛІБЕКҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу