Елордадағы LRT-ның құрылысы қайта жанданды. Бірақ, жұмысты аяқтау үшін тағы 1 миллиард доллар қажет. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов айтты. Шаћар басшысы қаланың дамуына қатысты өзге де жоспарлармен бөлісті. Тілшіміз тарқатады.
Есеп беруге келген Елорда әкімі, алдымен, LRT құрлысының қайта жанданғанын хабарлады. Сақалды құрылысқа қайтадан техникалық сараптама жасалған. Қазір конкурстық рәсімдер жасалып, несие беретін банктер таңдалып жатыр.
Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:Қосымша қаржыландыру көлемін тартқан кезде жұмыс белсенді басталады. Бастапқыда 2,6 миллиард доллар болған. Біз оны 800 млн долларға төмендеттік. Қазір жобаны аяқтау үшін шамамен 1 млрд доллар қажет. Сыртқы қарыздарға конкурс жарияладық. Қаржыландыру көздерін іздеу жаздың соңында аяқталады.
Қалада көпті алаңдатқан мәселенің бірі – газ тарту жұмысы. Елорданы көгілдір отынға қосу жоспардан кешігіп жатқанын жақында мемлекет басшысы да сынға алған. Ал, Алтай Көлгінов газ желілерін тарту қазір ширағанын, биыл 143 мың тұрғын газбен қамтылатынын айтты. Бұл былтырғыдан 3 есе көп.
Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:Биыл 317 газ құбырын біз тартуымыз қажет. Соның 200-і тартылды. Сондықтан, біз қала тұрғындарын белсенділікке шақырамыз. Трубалар бәрін әкеліп бердік. «ҚазТрансгаз» аймақпен жұмыс жүргізілуде. Газға өту үшін бірінші қауіпсіздік мәселесі. Техникалық талаптарды орындау керек, лицензиясы бар компаниялар жұмыс жасауда.
Үлескерлерді әуреге салған құрылыстар да әлі күн тәртібінде. Биыл мемлекеттің қолдауымен құрылысы ұзаққа созылған 57 үй салынып, 7 мың үлескерге пәтер кілті табысталмақ. Сондай-ақ, жыл соңына дейін 10 мың әлеуметтік пәтер салынбақ.
Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:Тағы өзекті мәселенің бірі мектептер құрылысы. 2019 жылы біз 6 мектеп құрылысын аяқтадық. 2020 жылы 11 мектептің құрылысын аяқтадық. Ал, биыл 40 мың орынға 15 мектепті салып жатырмыз.
Алтай Көлгінов алдағы оқу жылы дәстүрлі форматта өтуі үшін мұғалімдер екпе алуы керек екенін еске салды. Қазір педагогтардың 60%-дан астамы вакцина салдырған. Халықты, вакцинаға ынталандыру үшін пәтер, көлік, ал, апта сайын екі iPhone ойнатылмақ.
Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:Біз белсенді вакцина жүргізіп жатырмыз. Мынау дельта штаммы келгелі бері азаматтар түсіне бастады. Қауіп жоғары.
Қалада эпидахуал күрделі. Шаћар бірнеше айдан бері қызыл аймақтан шыққан жоқ. Сондықтан, алдағы қала күніне арналған шаралар онлайн форматта өтеді. Сондай-ақ, мерекелік от шашу да жоспар да жоқ.
Амангелді Сейітхан