Түркістан облысындағы бірнеше ауылдың тұрғындары аптап ыстықта ауыз сусыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысындағы бірнеше ауылдың тұрғындары аптап ыстықта ауыз сусыз қалды

27.06.2021

Енді атқарушы билік пен халық деген сюжет. Нақты бір мысал. Түркістан облысы Төле би ауданының тұрғындары әкімдікке наразылығын білдіру үшін жолды жабуға дейін барды. Демалыс аймағына апаратын жолды жапқан тұрғындардың айтуынша, демалыс орындары таудан келетін өзен суының арнасын бассейндерге бұрып алып, төмендегі ауылдарға тіршілік нәрін тамшылатып қойған. Тіпті, канализациядан шыққан лас суларын өзенге ағызады деп сөкті. Арызымызға құлақ асатын бір атқамінердің табылмағанына бес жылдың жүзі болды деп айыптады. Ауыл адамдарды жолды жапқасын барған Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Лесбек Серікбаев, су мәселесін бір аптада шешеміз деп уәде берді. Ал кәріз жүйесінен ағып жатқан лас су туралы бірінші рет естіп тұрғанын айтты... Айнұр Ақбаеваның репортажы. 

Түркістан облысы, Төлеби ауданындағы Екпінді, Қорған және Біркөлік ауылдарының тұрғындары аптап ыстықта ауыз сусыз қалды. Мұндағы жұрт Біркөлік шатқалының маңында орналасқан демалыс орындарының қожайындары елдімекендерге келетін суды өздеріне бұрып алып, бассейндерін толтырып жатыр деп отыр.

Бабыржан Каримов, Қорған ауылының тұрғыны:
Міне қазір үш ай болды, біздің ауыл вообще сусыз отыр. Осы демалыс орындарының барлығы біздің суды жығып алған. Өтпейді. Біреуінде счетчик жоқ. Бір аптадан бері тексеріп келіп, үзіп кетіп жатырмыз. Артынша жалғап қойып жатыр. Бұл қайда қарап жатыр бұл әкімшілік.

Шыдамы таусылған тұрғындардың сөзінше, демалыс орындарының басшылары бұл мәселеге мұрындарын шүйіре қарайды. Төмендегі ауылдарға тіршілік нәрі жетпей жатыр деп ойланбайды да. Ойлағандары өз құлқыны ғана. Күн жылынса болды, мұнда келушілердің қарасы қара күзге дейін үзілмейді.

Бабыржан Каримов, Қорған ауылының тұрғыны:
Мынау бізге тартылған арнайы линия. Осы Қорған ауылына тартылған арнайы линия да. Осы линияға барады Леңгірсуға да, айтады болды. Леңгір судан келеді, өздері қосып береді. Сұрап жатырмыз, кім рұқсат берді, Леңгір су рұқсат берді. Счетчиктерің қайда? Счетчиксіз отыра бер деген дейді. Кемі 25-тік деген жоқ, бәрі елуліктен жалғап алған. Қай жақтан өтеді бізге су.

Сонау кеңес заманынан қалған ескі құбырларға осылайша демалыс орындары иелік етіп алған. Жергілікті халық аудандағы жауапты мекемеге сан рет ескертіп айтқанымызбен, нәтиже шықпай отыр деп ашынады.

 Махмұдхан Тәжібаев, Екпінді ауылының тұрғыны:
Бір бассейн бір ауылдың суын ішеді бір күн, екі күнде. Екі күнде толтыратын шығар. Ал бүкіл ауыл сонымен бір ай су ішеді. Қалай күн қызды, бассейн толтырылды. Су жоқ.

Ауыз судан тарыққан жұрт амалсыз таудан ағып келетін Біркөлік өзенінің суын тұтынуға мәжбүр.

 Айнұр Ақбаева, тілші:
Біркөлік тау шатқалының маңынан 100-ден аса демалыс орны санынып кеткен. Мұндағы кәсіпкерлер заңды белден басып, өзендерге дейін қоршап алған. Тіпті үстіне құрылыс салып, ластап жатыр. Одан қалса бассейндерден шыққан суларды да, қала берді шайынды суларды да осы өзендерге ағызып жатыр.

 Өзен суы төмендегі ауылдарға жеткенше, ондаған демалыс аймағынан ағып өтеді. Сондықтан қоқыс пен қалдық заттарға толып кеткен. Кәсіпкерлерге әлі келмей отырған шенеуніктерге күйінген тұрғындар апта басында демалыс аймағына баратын жалғыз жолды жауып тастады.

Ашуға булыққандар кезекті мәрте аудан әкімін шақырды. Бір нәтиже шықпайынша, қайтпаймыз деген тұрғындар жолдан 40 минуттай көліктерді өткізбей қойды. Демалыс орнына ағылғандар арлы-берлі өте алмай, жол бойында ұзын-сонар кептеліс болды.

Кептеліске тап болған атқамінерлер де дүрліккендерге көлікпен жете алмай, ақыры жаяу келді. Бір сағатқа жуық жолды жауып тастаған тұрғындармен кездескен аудан әкімінің орынбасары су мәселесін тездетіп шешіп беремін деп уәде етті. Ал кәріз жүйесінен ағып жатқан лас су туралы бірінші рет естіп тұрған көрінеді.

Лесбек Серікбаев, Төлеби ауданы әкімінің орынбасары:
Осындай сезон басталған кезде өкінішке орай кейбір демалыс орындарының иелері былайша айтқанда заңсыз орталық ауызсу құбырына қосылып алып, сол жерде бассейндерін толтырып жатыр.

Өзара келіссөздерден кейін жергілікті халық жолдың шетіне шығып, қозғалыс қайта реттелді. Мұнан соң ауыл әкімі де мәселенің күрделеніп кеткенін мойындады.

 Мақсат Жұмабаев, Алатау ауылдық округінің әкімі:
Қазір қай демалыс орнына барсаң да, иесі емеспіз, құжат басшыларда. Сол басшыларымызбен сөйлесіңіз деп, бір нөмір береді. Ол нөмірге хабарлассаң, телефондарын көтермейді.

Ауыл әкімнің сөзінше, кәсіпкерлер Төлеби ауданына емес, басқа қала-аудандарға тіркеліп алған. Салықты да сонда төлейді. Олармен қоқыс жинау туралы келісім-шартқа да тұру қиын. Себебі, жаңа айтқандай, басшыларын табу мүмкін емес дерлік. Ал жымысқы әрекеттері мынадай:

Ерлан Жолсейітов, Біркөлік ауылының тұрғыны:
Мына жерде ағын суымыз бар еді, лоток. Соның бәрін бұзып тастады. Әр жерінен тесіп, өздерінің бассейндерінің трубаларын кіргізіп тастаған. Менің өзімнің огородым, талдарым болғаннан кейін суғаруға ағын суды қоспасақ, водопроводтағы су жетпейді. Қазірдің өзінде ол су 12-ден 6-ға дейін ол су жоқ.

Дегенмен кәсіпкерлердің бассейннен аққан суларды тек өзенге емес, сол маңдағы үйлер мен саяжайларға да ағыза беретіні анықталды.

Мақсат Жұмабаев, Алатау ауылдық округінің әкімі:
Қазіргі таңда осы 50-лікпен, 32-лікпен қосылған барлық құбырларды кесу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күнде 29 демалыс орнының заңсыз сулар пайдаланып жатқаны анықталып, олардың 18- құбырдан ажыратылған. Алайда демалыс орындарын мүлдем судан ажырата алмайды бірақ аз мөлшерде.

Аудан басшылығының мәліметінше, бассейн суларын өзенге ағызу жәйттері дәлелденген. Қазір бұл кәсіпкерлерге ескерту жасалған. Оған да құлақ аспаса, заңның басқа талаптарын қолданамыз дейді.

 Лесбек Серікбаев, Төлеби ауданы әкімінің орынбасары:
Енді жүзден астам демалыс аймағы бар, оның бәрін біз жарты күнде бір күнде үлгере алмаймыз. Біз бәрін жиып, бір тізіммен бере алмаймызз ғой. Оның үстіне заңға сәйкес істеп жатқаны бар, заңды бұзып істеп жатқаны бар. Оның бәрінің ақ қарасын ажыратып алып, нақты мәлімет беруіміз керек шығар біз де.

Халық жолды жапқаннан кейін соңғы үш күннің ішінде жиырмаға жуық демалыс орнының су құбырлары орталықтандырылған су жүйесінен ажыратылып, екі ауылға да су жеткізілді. Бірақ мәселе мұнымен шектелмек емес, мамандар Екпінді мен Қорған ауылына да бөлек су құбырын тартпаса болмайтынын айтады. Себебі құбырлардың 60 пайыздайы демалыс орындарының территориясында қалып кеткендіктен, оларды тексеруге кіргізбейді.

 Айтбай Тәжібаев, «Леңгір су» МКК бас инженері:
Енді қазір солардың барлығына сметалық құжаттама дайындап жатырмыз, трубаны сол елдімекенге сырттан апаруға. Екпінді елдімекеніне бөлек, Қорған елдімекеніне бөлек. Аудан әкімі де айтты, біз соны тездетіп неғыламыз да, одан кейін ескі жүйені сол туристік аймаққа қалдырайын деп отырмыз. Сонда халыққа тікелей Біркөлік бұлақ көзінен су келеді.

Төле би ауданына қарасты үш ауылдың қиындықтары мұнымен бітпейді. Елдімекен іргесіндегі жерлердің көбі демалыс орындарына сатылып кетіп, салдарынан жайылым жер де қалмаған. Ал сатылып кеткен жерлерге коттедждер салынып жатыр дейді тұрғындар. Қалай болғанда да жергілікті халық аудан билігі берген уәдесінде тұрмаса, демалыс аймақтарына баратын жолды бетондап жауып тастайтындарын айтты. Себебі демалыс орындарын судан ажыратып тастағанмен, олар құбырларын ертеңіне-ақ қосып алуға қымсынбайды.

Айнұр Ақбаева

Хабарламаларға жазылу