Түркістан облысында Өзбекстаннан келетін арық тауықтың өлекселеріне толған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында Өзбекстаннан келетін арық тауықтың өлекселеріне толған

04.08.2023

Түркістан облысының Сарыағаш ауданында жеті ауылдың тұрғындары Өзбекстаннан келетін арықтың суын ауыз су ретінде тұтынады. Алайда соңғы уақытта каналдан төрт түлік пен иттің өлексесінен бөлек өлген тауықтар қап қап болып ағып келетін болған. Салдарынан аптап ыстықта жұрт ауыз судан қағылып, сатып ішуге мәжбүр болып жатырмыз дейді. Бүгінде ауылдың азаматтары каналды кезектесіп күзетіп, суды өлекселерден тазартып әлек. Өңірлік тілшіміз Айнұр Әбілқасымқызы тарқатады.

Айнұр Әбілқасымқызы, тілші:

Р-1 каналы Өзбекстаннан бастау алады. Алайда соңғы бір аптадан бері арықтан тауықтың өлекселері қап-қап болып ағып келетін болған. Жергілікті халықтың сөзінше, күніне 10-15 қап өлексені өздері шығарып алуда екен.

2023-жылдың 4-тамызы. Азанғы сағат жеті жарым. Тауықтар ағып келіп жатыр тоқтамай. Іштері қарайып кеткен. 3-4 қабы ағып кетті майдаланып.

Жібек жолы ауылының тұрғындары қазір тәулік бойы канал бойын күзетумен әлек. Себебі су келетін ауылдағы арықты тазартпаса, ауру ошағына айналып кете ме деп қорқады.

Сәкен Шоңбаев, Жібек Жолы ауылының тұрғыны:

Былтырдан бері қой, сиыр, ит енді мынау тауық ағып келіп жатыр. Иісіне шыдап болмайды халыққа. Қазір мынау бір аптадан бері су ішіп жатқан жоқпыз. Малымызға да беруге жиіркеніп, тоқтап қалғанбыз. Ертеңгі күні тырысқақ деген ауру шықса, ешкім оны тоқтатып қала алмайды. Елу мың халық өліп жатса осы судан не болады?

Нұрсұлтан Қуанышбаев, Жібек Жолы ауылының тұрғыны:

Таңертеңгісін алты қап, кешкісін алты қап өлексе. Тауықтың өлексесі, иттің өлексесі, малдың өлексесі келеді. Мына иіс осы жерде болғанына қазір он күннен асып кетті. Өзіміз ауылдың азаматтары болып тазалап жатырмыз.

Ашынған халық әкімдіктен келген қызметкерді сауалдың астына алды. Мәселені тездетіп шешіп беруді талап етті.

Әлайдар Әмірхан, Сарыағаш аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы:

Өзбекстанда Қыбырай ауданы әкімдігіне осы каналдағы тазалық мәселесін қамтамасыз ету бойынша мәселелер көтерілген. Бірақ нақты нәтиже шыққан жоқ әлі. Бұл мәселе менің құзыретімдегі, менің деңгейімдегі шешілетін мәселе емес. Сол себепті мен сіздерге нақты айта алмаймын.

Өзекті мәселеден еліміздің Экология және табиғи ресурстар хабардар. Жуырда арнайы өкілдері келіп көріп кеткен. Бірақ министрліктің біздің арнаға берген жазбаша жауабында келіссөздер жүргізіліп жатқанын айтады.

«Бүгінгі таңда Р-1 каналы бойында Өзбекстан Республикасы аумағында орналасқан қоқыс полигоны мен қараусыз қалған иттер питомнигі орнын басқа жерге алмастыру жайлы Ташкент облысы Қыбырай ауданы әкіміне «Қазсушар» РМК ТФ тарапынан бірнеше рет жазылған хат жауапсыз қалды. 2023 жылдың мамыр айында Өзбекстан Республикасындағы Қазақстан мемлекетінің елшілігі Р-1 каналын толық көріп шығып, Өзбекстан Республикасы Экология министрлігіне хат жолдаған. Бүгінгі таңға жауап келмеді.

Жауапты министрлік пен аудандық әкімдіктің көрші елмен келісімі мардымсыз болған соң тұрғындар мәселенің жуық арада шешілуіне күмәнмен қарап отыр. Сондықтан көпшілік бұл мәселені екі елдің Үкіметі бірігіп шешсе деген өтінішін жеткізді.

Айнұр Әбілқасымқызы

Хабарламаларға жазылу