Қазақ радиосының 100 жылдығына орай Радио қызметкерлері күні бекітіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ радиосының 100 жылдығына орай Радио қызметкерлері күні бекітіледі

25.06.2021

Мемлекет басшысы 1-қазанды радио қызметкерлері күні деп бекітуді ұсынды. Бастама қара шаңырақ Қазақ радиосының ғасырлық мерейтойы аясында жүзеге аспақ. Президенттің бұл ұсынысы БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында қуанышты жаңалық болды.

Айтулы әнші Қатимолла Беріғалиев қазақ радиосын 12 жасынан бастап тыңдайды. Үйде де оның үні үзілмейді. Жолда транзисторын жанынан тастамайды. Қайда да қасында. 1-қазан Радио қызметкерлері күні болады деген ақжолтай хабарды ол қуана қабылдады.

Қатимолла Бердіғалиев,  әнші, айтыскер ақын: 
Бүгінгі естіген жаңалығым өзімді қатты қуантты. Одақ тарағаннан кейін радио болмай қалып еді. Ал радио деген үлкен ақпараттық құрал және жедел ақпарат беретін құрал. Қазақ радиосы мен Шалқар радиосы өзімнің сүйіп тыңдаған радиоларым бала кезімнен. Мереке құтты болсын! Радио жасасын!

1-қазанның таңдап алынуы тегін емес. Себебі, осы күні қазақ даласына әуе толқыны арқылы алғаш ақпарат тарады. Тарихи оқиға сол кездегі астанамыз Орынборда болған еді. Ал радио тарату жұмысын ұйымдастырған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов болатын.

Мұхамедәлі Болатұлы, «Қазақ радиосының» дикторы: 
Тыңдаушылардан келіп түсіп жатқан қоңырау толассыз. Радио қызметкер әр тыңдарманның, тыңдаушының өзінің отабсының бір мүшесі. Осы орайда олар да қуанып отыр. 

Қазақ радиосы кейін Қызылордадан, Алматыдан ақпарат таратты. Қазір бас редакция елорда төрінде. Төрт бірдей мемлекеттік радионы бір шаңырақ астына ұйыстырған серіктестік тыңдарманның талғамынан шықты.

Ернұр Бурахан. «Қазақ радиолары» ЖШС бас директоры: 
Мемлекет басшысының шығармашылық ортаға, оның ішінде ақпарат құралдарына деген қамқорлығы ерекше. Соның бір айғағы – радио қызметкерлері күнінің датасын бекіту туралы бастамасы мен Қазақ радиоларына қарасты радиоарналарға алғыс хатын табыстауы. Бұл біз үшін үлкен маңызды зор, тарихи оқиға. 

Тарихы тереңде жатқан Қазақ радиосы халықтың үнімен әлі талай асуларды бағындырары сөзсіз. Айта кету керек, 100 жылдық шаралар аясында Шымкент, Қызылорда және Нұр-Сұлтанда Қазақ радиосы көшесі ашылған болатын.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу