20-ға жуық қазақстандыққа «Гамма-пышақ» қондырғысымен операция жасалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

20-ға жуық қазақстандыққа «Гамма-пышақ» қондырғысымен операция жасалды

24.06.2021

Адам ағзасына ешбір тілік салмай мидың қатерлі ісігін емдеу. Осындай ғаламат мүмкіндікке ие аппарат елордаға жеткізілді. Қазір ұлттық нейрохирургия орталығында дәрігерлер бұрынғыдай сағаттап ота жасамайды. Бүгінде бірегей операция 20-ға тарта жерлесімізге сәтті жасалды.

Ғажап қондырғының атауы гамма-пышақ. Бірақ, тілмейді, кеспейді. Қайта, ән тыңдатып, дертке шипа табады. Науқасқа маса шаққан құрлы зарары жоқ. Дәрігерлер де наркоз беріп, сағаттап ота жасамайды. Сәбит емдеу орнына келерінде секем алған. Енді аппараттың сиқырына сенеді.

Сәбит Рахымжанов, науқас:
 Биыл қаңтар айында ота жасады басыма. Содан кейін облыста қаралдым. 

Гамма-пышақтың артықшылығы сырқатты сәулемен сылып түседі. Мидағы қатерлі ісікті, тамырлы және функционалды ауруларды денеде із қалдырмай емдейді. Әзірге 20-ға жуық науқасқа ота жасалды. Бірақ, бәрі төсекке танылмай, келесі күні-ақ жұмыстарымен айналысып кете береді.

Нұрзат Сығай, нейрохирург-дәрігер:
 Біз бір науқасты бір уақытта бір мезетте 7 ісігін бірден емдеп шықтық. Егер салыстырмалы түрде қарасақ, 7 дәстүрлі ота мен бір мезетте 3 сағаттың ішінде 7 ісікті осы Гамма-пышақпен емдеу өзіңіз көріп отырғандай айырмашылығы орасан зор.

Ал, аурудан толық айыққандығы туралы 6 айдан кейін анықталады. Сол аралықта науқастар дәрігерлердің бақылауында болады. Гамма-пышақ әдісімен емдеу аурудың асқынбауына сеп. Бұдан бөлек, медициналық туризмді дамытуға да жол ашады. Өйткені, дүниежүзінде осы тектес 400-дей радиотерапиялық кешен бар. Әсіресе, АҚШ пен Жапонияда көп. Ал, ТМД аумағында алғашқы болып Қазақстан қолдана бастады. Демек, шекаралас елдерден ем алуға келетіндер саны артады.

Нысаналы Ығыл


Хабарламаларға жазылу