Қол күрестен Әлем чемпионы Алмагүл Қанатова халықаралық дәрежедегі атағын ала алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қол күрестен Әлем чемпионы Алмагүл Қанатова халықаралық дәрежедегі атағын ала алмай жүр

22.06.2021

Спортқа 49 жасында келіп, қара күшімен жаһанды мойындатқан ауыл әйелі. Бұл Атырау облысы Тұщықұдық елді мекенінде тұратын Алмагүл Қанатованың жетістігі. 2017 жылы үлкен спортқа келіп, небәрі екі жылдан соң Әлем чемпионы атанған алып күштің иесі халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын ала алмай жүр.

Жеңімпаз ананың күнделікті жаттығуы шелектеп су тасумен басталады. Спорт кешені оның үйінен алыста орналасқан. Сол себепті ол – шынығуға арналған кәсіби құралдарды, кәдімгі тұрмыстық заттармен алмастырды.Сөйтіп, күйбің тіршілік қайратын шыңдады.

Алмагүл Қанатова, қол күресінен әлем чемпионы:
Мен сегіз сиыр саудым. Сегіз сиырда төрт емшектен 32 емшек бар ғой. Соны екі мезгіл сауғанда саусақ талып қалады. Сол нәрсенің өзі маған тренировка. Бесікті тербетіп отырып, кезек-кезек арасында гантеліммен дайындалам жарысқа.

Спортқа келмес бұрын Алмагүл әкімдікте тазалықшы болып жұмыс істеген. Ерекше қасиетін спорт бөлімінің басшысы Қуаныш Ибраев байқап, бағын сынап көруді ұсынады. Аяқ алысы сәтті басталып, 49 жасында Қырғызстанда өткен Азия чемпионатында жеңімпаз атанады. Араға үш ай салып, Тараздағы жарыста тағы да Азия кубогын иеленеді. 3 жылдан кейін Румынияның Констанца қаласында 54 елдің қатысуымен ұйымдастырылған байрақты бәсекеде Әлем чемпионы атанады. Жаны нәзік, жүрегі жұмсақ жанды жігерлендіретін – оның отбасы. 5 ұл 1 қызы бар.

Нәбен Батырхан Алмагүл Қанатованың күйеуі:
Өзі соған ниеттенгесін менің де ниетім түзу. Өзінің дәрежесін өзі ақтап келе жатыр. Мен қолдаймын.

Қайратты жанның табандылығын бапкері де жоғары бағалайды.

Алмагүл – қол күресінен облыстағы санаулы чемпионның бірегейі. Ол бойында тулаған күшті әлі де ел абыройы үшін жаратқысы-ақ келеді. Алайда қолдаудың аздығы жолын байлап тұр.

Алмагүл Қанатова, қол күресінен Әлем чемпионы:
Міндетсінбеймін ғой. Маған ақша бөліңдер. Мен мына жарысқа барам деп. Бөліп жатса құба-құп. Үш жылдың ішінде демеуші көргем жоқ. Кейбір кезде жарысқа баратынымызды да білмейтін сияқты.

Қайратты ана қазір тамызда өтетін әлемдік іріктеуге дайындалып жатыр. Ал, көптен күткен халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағы әзір оған бұйырмайтын сыңайлы. Өйткені, өңірдегі жауаптылар ол шаруаны республикадағы қол күресі федерациясы шешеді деп отыр.

Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу