2020 жылы ауыр жыл болды. Пандемия әсерінен экономиканың сан-саласы дағдарып, кері кетті. Есесіне, мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігі артты. Бюджет кірісі кеміп, шығын артқан тұста ұлттық қордан 4,8 трлн теңге тартылды. Елбасы қалыптастырған ұлттық қор қаіпсіздік қорғанышы рөлін атқарып, коронавирус қаупін жеңілдетті. Парламенттің бірлескен отырысында бюджеттің өткен жылғы орындалуы сараланып, алға жоспар түзілді. Ғабит Бөкенбай жалғайды.
«Нақты нәтиже емес, бөлінген қаржыны игеру үшін жұмыс істейді». Бұл есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова пікірі. Өткен жылы 570 млрд теңге тиімсіз жұмсалған. Демек, пандемия кесірін жеңілдетуіге бөлінген осыншама қаржы діттеген жеріне жетпей қалған. Бұл 2019 жылғы көрсеткіштен 33%-ға артық. Әрі жыл сайынғы борыштарды өтеуге кететін қаржыны азайтты. Сырттан оңды-солды қарыз алуға құмар тұлғалардың мойнына енді таудай жауапкершілік ілінеді.
Наталья Годунова, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы:Мемлекеттік қарыздың өсуі елдегі макроэкономикалық тұрақтылыққа қауіп төндіреді. Әлі де болса резерв бар. Біз қарыз алған кезде оны қашан, қандай көздерден және қандай көлемде қайтарылатынын кемі 10 жыл алға жоспарлауымыз қажет. Осы орайда, сырттан қарыз тартатын тұлғаның жеке жауапкершілігін енгізуді ұсынамын.
«Ауыр жыл». Мінберге шыққанның бәрі өткен жылды дәл осы сөзбен әспеттеді. Иә, тышқан жылы мыңдаған адам жақынынан айырылып, табыс кеміп, бюджетке салмақ түсті. Мәжбүрлі шаралар мемлекеттік шығынды көбейтіп, әлеуеметтік блокқа кететін қаржы артты. Жалпы бюджеттің 40 пайызы осы әлеуметтік салаға жұмсалды.
Аманжан Жамалов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:45%-ы Ұлттық қордан трансферттер түсімдері. Сомасы 4,8 трлн. теңгені құрады. Бұл – соңғы жылдардағы ең жоғарғы көрсеткіш. Үкіметке болашақта, ұлттық қорсыз тек борыштары ғана қалуы мүмкін екенін түсінетін уақыт келді.
Үнемді әрі жауапты бюджет саясаты қажет. Президент осындай тапсырма берген. Бюджет тапшылығыны қысқартып, ұлттық қордан қаржы тарту шектеледі. Депутаттар, салық жинау деңгейі әлі де төмен деген пікірде. Биыл 1 қаңтарда бюджетке жалпы берешек 378 млрд. Теңгеге жеткен. Демек, алым салым артады. «Қазақстан экономикасы белсенді түрде қалпына келіп жатыр». Жиында сөз алған Асқар Мамин осылай деді. Бес айда ішкі өнім 1,6 пайызға өскен. Экономиканың барлық саласында өсім байқалады.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:Биыл Қазақстан экономикасы белсенді түрде қалпына келіп жатыр. Бес айдың қорытындысы бойынша, жалпы ішкі өнімнің өсімі - 1,6 пайыз. Экономиканың барлық саласында өсім байқалады. Машина жасау, химия өнеркәсібі, фармацевтика және жеңіл өнеркәсіп жоғары өсімді көрсетті. Құрылыс саласы және тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша өсу қарқыны жоғары.
Қос палатаның бірлескен отырысына келген Үкімет құрамы депутаттардың сауалдарына жауап берді. Білім беру, медицина, ауыл шаруашлығына қатысты сан сауал талқыға түсті. Нәтижесінде былтырғы бюджеттің орындалуы туралы есеп қабылданды.
Ғабит Бөкенбай