Ақмола облысының Жақсы ауданындағы бірнеше ауылдың тұрғындары өздеріне тиесілі жерде нүлестерін ала алмай келеді. Олардың айтуынша 9 жылдан бері жергілікті кәсіпкер пайларын қайтармаған. Тіпті, серіктестік құрамына өткелі мүлдем ешқандай ақы алмаған адамдар бар көрінеді.
Атбасарға Алғабас ауылынан көшіп келген 10-нан астам отбасы өздеріне тиесілі жердің үлесін әуелде «Нұрқад» серіктестігіне берген. Жер жыртып, егін салған шаруашылық бастапқыда уәдені үйіп-төккенмен кейін жұрт пайда көрмек түгілі үлесімізден қағылдық дейді. Шаруашылық иесі ақы төлеуден бас тартқан.
Серіктестіктің 150-ден астам үлескер мүшесі бар. Бірақ олардың ешқайсысының қолында құжаттардың түпнұсқасы жоқ. Барлығын шаруашылық директоры жинап алыпты.
Серіктестік басшысының айтуынша, қазір шаруашылықтың шығыны көп, пайда жоқ. Түскен табыс техника алуға, жалақы төлеуге және несие жабуға кетеді. Сондықта нешкімге үлес берілмейді деп ескертілді дейді серіктестік басшысы.
Шарасыз тұрғындар аудандық әкімдікке де жүгініпті. Бірақ ондағылар да қол қусырып отыр.
Рүстем Рамазанов, Жақсы ауданы әкімінің орынбасары:Бұл серіктестіктің ішкі шаруасы. Сондықтан біз әкімдік оған араласа алмаймыз. Серіктестіктің жарғысы бар. Сол бойынша қарау керек. Бізге келген адамдарға тек заң бойынша қандай құқықтары, мәселенің қандай шешу жолдары бар екенін ғана көрсете аламыз.
Серіктестік құрамынан шығу үшін үлескерлер жиналып, ортақ шешімге келуі керек. Ал жылдар бойы бір тиын пайда көрмеген жұрт енді үлесін даулап сотқа жүгінбек.
Ермек Елберген