Абай облысында ауыл халқы өздеріне тиесілі жерін даулап жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысында ауыл халқы өздеріне тиесілі жерін даулап жүр

08.08.2022

Абай облысы Көкпекті ауданы Көкжайық ауылының тұрғындары жергілікті кооперативтен өздеріне тиесілі жер телімдерін даулап жүр. 1996 жылы мемлекеттен әр адамға пай ретінде берілген жер мен техника және мүлікті қосып ұжым құрған. Кейін ол тарап кетеді. Ал мүшелерінің иелігіндегі жерді 5 жыл бұрын басқа бір кәсіпкер сатып алған. Енді ауыл тұрғындары жер өздеріне тиесілі екенін дәлелдей алмай, құзырлы органдардың табалдырығын тоздырып жүр.

Көкжайық кеңшары тараған соң 83 адам үлеске алған 10 мың гектар жерді қосып, ортақ ұжым құрады. Шаруашылық басшысын да сайлайды. Кейін ұжым мүшелерінің кейбірі шығып, енді бірі басқа шаруашылықтарға ауысқан. Сонда қалғандардың айтуынша, 5 жыл бұрын өздеріне тиесілі жерді басқа біреу сыртынан сатып алған.

Гүлзада Жармұхамбетова, ауыл тұрғыны:

Сол жерді біз пайдалана алмай отырмыз. Бізден тартып алып отыр. Ақшаға сатып алдым деп, былтыр сол алқапта төбелес те болды. Оған ешкім қарамайды. «Полиция келеді де кетіңдер! Сендерді соттаймыз»,-деп бізді қорқытады.

Халық құжаттарын құшақтап құзырлы органдардың табалдырығын тоздыруға мәжбүр. Нақтырақ айтсақ 19 адам пайға алған 1840 гектар жерді даулап жүр. Тұрғындардың айтуынша, жерді сатып алған кәсіпкер құжаттардың бәрін қолдан жасап, жалған мөр басқан.

Едіге Батыров, заңгер:

Экспертиза бойынша ананың мөрі де қойған кісінің қолы да жалған болып шықты. Бірақ сол құжаттарды сот та пайдаланады. Прокуратура да пайдаланады. Неге екенін білмейміз.

Көкпекті ауданындағы осы салаға жауапты басшылар «екі қожалықтың арасындағы мәселені сот шешуі тиіс» деп отыр.

Дәурен Қойгелдин, Көкпекті ауданы әкімінің орынбасары:

Түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Екі шаруа қожалықтың арасында дау бар. Бұл дауды тек сот арқылы шешуге болады. Сол туралы біз түсіндіргенбіз.

Ауыл тұрғындарында қазір малға жайылым қалмаған. Шабындық та жоқ. Есесіне бүкіл ауылдың аумағын иеленген кәсіпкердің қарамағындағы жердің шаңы шығып бос жатыр.

Төлеуғазы Шамғұнов, ауыл тұрғыны:

Бұл жердің бәрін сатып алдым деп отыр. Мен білмеймін. Халық маған керек жоқ деп отыр. Жайылым бос жатыр. Не мал жаймайды. Бәрі бос жатыр. Менің қазір малыма шөп жоқ. Былтыр қыста да шөп болмады. Жарты малымды көрші ауылға туысыма апардым. Жарты малымды саттым. Енді не істеймін?! Мына кісілердің бәрінде шөп жоқ.

Соңғы 5 жылда құшақ-құшақ құжат жинап құзырлы органдардың табалдырығын тоздырған -Көкжайықтың тұрғындары енді тек Жоғарғы соттан ғана үміттеніп отыр.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу