2020 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2020 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп талқыланды

17.06.2021

Бытыр бюджет шығындарының 61 пайызы ағымдағы мұқтаждықтарға жұмсалған. Тек 15 пайызы ғана даму мақсаттарына бағытталды. Өткен жылдың бюджетін талқыланған сенат отырысында палата төрағасы Мәулен Әшімбаев осылай деді. Қазына қаржысының қажетсіз бағыттарға жұмсалғаны да айтылды. Оңғар Алпысбайұлы толықтырақ.

Мемлекеттің меншігіндегі ақшаның қаншасы қайда жұмсалғаны туралы есеп комитеті жылда зерттеу жүргізеді, олқылықтарды анықтайды. Биыл да бюджеттің бей-берекет шашылған тұстары туралы комитет төрағасы Наталья Годунова есеп берді. Ол тіпті дағдарыспен күреске бағытталған ақша да дұрыс жұмсалмады деген деректерді келтірді.

Наталья Годунова, республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы:
Дағдарысқа қарсы бағытталған 6,9 трлн теңгенің 4,5 триллонын тексердік. 2 триллионына аудит жүргіздік. Нәтижесінде 355 млрд теңгенің дұрыс жұмсалмағанын анықтады. Тағы 243 млрд тегесін үкіметпен бірлесе отырып, өзге секторларға қайта бағыттадық.

Квазимемлекеттік сектордың жұмысы да жыл сайын жыр болады. Биыл да сол. Олардың шоттарында жұмсалмаған қаржы қалған. Кейбірі онсыз да ұлттық қорға өткізілуі тиіс қаржыны қарызы ретінде қайтарып берген. Мамандар бір оқпен екі қоян атуға мүмкіндік беретін тәртіпті өзгерту керек деген ұсыныс айтты. Ал, қаржы министрі мемлекеттің экономикаға ықпалын азайтамыз деп отыр.

Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі:
Осы бағытта мемлекеттің экономикаға тікелей қатысуын қысқарту бойынша жұмыс жалғасады және жекешелендіру процессі күшейтіледі. Жыл сайынғы көтерілетін мәселе квазимемлекеттік компаниялардың шоттарында қалатын қалдықтар. Бұған қатысты бюджет заңнамасына қажетті өзгертулер қабылданды. Бұл құжаттар субектілердің белдгіленген тәртіп бойынша жаңа жобаларға бағытталады және бюджетке қайтарылады.

Енді бөлінген қаржыны игеру мәселесіне келсек. Сенат спикері мемлекеттік бағдарламалардың бір бірін қайталайтынын және оларды пайдалану тәртібі тым күрделі екендігін айтты. Мысал ретінде кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған Еңбек, қарапайым заттар экономикасы, жол картасы сияқты бірнеше жобаны келтірді. Мәулен Әшімбаев олардың барлығын біріктіріп, халыққа түсінікті әрі пайдалану тәртібін жеңіл етіп қайта құруды ұсынды. Бизнеске қолдауды арттыру арқылы экономикалық өсімді қалыптастыра аламыз деді ол.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті сенатының төрағасы:
Экономикадан түсетін таза кірістер Республикалық бюджеттің шығыстарын жаппай отырған қазіргі жағдайымызда өсу драйверлеріне баса мән беру керек деп есептейміз. Яғни бюджет қаражастын өндіріс кәсіпорындарын салуға немесе реконструкциялауға, инфроқұрылымға, коммуникацияға бизнесті кредиттеу мен субсидиялауға және тағы да басқа инвестициялық бағыттарға бағыттаудың маңызы зор.

Сенат 2020 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті қабылдады. Енді мәселе келер аптада қос палатаның бірлескен отырысында қайта қаралады.

Оңғар Алпысбайұлы 


Хабарламаларға жазылу