Солтүстік Қазақстан облысында ашылғанына 123 жыл болған дендропарк бар. Көкшетау мемлекеттік ұлттық табиғи саябағына кіретін нысан Айыртау ауданында орналасқан. Мұнда өте сирек кездесетін, ғасырлар бойы жайқалып өсіп тұрған ерекше ағаштар да бар.
Дендропарк 1898 жылы ашылған. Ал ағаштар бірнеше жылдан кейін отырғызылыпты. Содан бері мұндағы жасыл желек саны көбейді. Бүгінде 11 гектар аумақта ағаштың 31 түрі жайқалып тұр.
Ермек Елберген, тілші:Дендропаркке алғашқы ағаштар 1904-1905 жылдары егілген. Мынау сол ағаштардың бірі. Шігіршін деп аталады. Жасы 115 жылдан асқан. Оны, мына жуандығынан байқауға болады.
Мұнда қайың, емен, терек, қарағайдың бірнеше түрі, алма ағашы бар. Бұл аймақта кездеспейтін ағаштар да тамыр жайған.
Ернар Қамақаев, Көкшетау ұлттық табиғи саябағы Айыртау филиалының ғылыми қызметкері:Қазақшасы - сібір самырсыны. Осы ағаш бізде филиал бойынша, аумағымыз бойынша осы дендропарктің ішінде ғана, жалғыз. Бір түрі ғана. Басқа жерде біздің аумақта, Солтүстік Қазақстанда кездеспейді.
Дендропаркте жасыл желек түрлері көбейіп келеді. Орманшылар жыл сайын ағаш егеді. Зиянкестермен күресу, өсімдіктерді түрлі аурулардан қорғау да тұрақта түрде атқарылатын шаруа.
Ұлттық табиғи саябақ қызметкерлері дендропаркті ұлғайтуға ниетті. Ғалымдар қызығушылық білдірсе, Қазақстанда өспейтін ағаштарды отырғызып, тәжірибе жасауға болады, - дейді олар.
Ермек Елберген