Жарақат алған төрт тұрғын ауруханаға жеткізілді. Сонымен қатар, көпқабатты тұрғын үйдің жеті пәтері мен оның маңында тұрақта тұрған сегіз автокөлік бүлінген.
Нұрхан Нұрланұлы, тілші:
- Апат бүгін таңғы 04:00 шамасында Төле би мен Пушкин көшелерінің қиылысында болған. Су күшінің қаттылығы соншалық - маңайдағы пәтерлердің терезесі шағылып, ыстық су үйлердің ішіне өтіп кеткен. Ал, мүлік иелерінің шығын көлемі анықталғаннан кейін Алматы жылу желісінің өкілдері оларға өтемақы төлеп, барлық жөндеу жұмыстарын өз мойнына алатынын айтып отыр.
Ян Гирин - «Алматы жылу жүйесі» МКК ресми өкілі:
- Барлық пәтерлер кәсіпорын қаражатына жөнделеді. Сонымен қатар, апат салдарынан бүлінген автокөлік иелеріне де көмек көрсетіледі. Алдағы уақытта тексерістер жүргізіледі. Олардың шығындарын анықтаймыз. Барлығын заң бойынша орындаймыз.
Жарылыс салдарынан зақым келген автокөлік иелеріне төленетін шығынның көлемі әзірге белгісіз. Олар арнайы мамандардың тексеруін күтіп отыр. Ал, пәтерлердің кейбірі жуырда ғана күрделі жөндеуден өткізілген.
Тимур Ысқақов, қала тұрғыны:
- Үйді өткен жылы ғана жөндеуден өткіздік. Қазір мұнда тұру мүмкін емес. Мынадай ылғал үйде өмір сүрсек, түрлі ауруға шалдығамыз деп ойлаймын.
Адэль Әділова, қала тұрғыны:
- Мына көліктердің бағасы өте қымбат. Жауаптылардан шығынды өтеп беруін сұраймыз. Менің көлігімнің шығыны шамамен 400-500 мыңға дейін барады. Тексеруден кейін белгілі болады.
Күйік шалғандар №4 қалалық клиникалық ауруханасына таңғы сағат 06:00 шамасында жеткізілді. Олар қабылдау бөлімшесінде тексеріліп, күйік бөлімшесіне жатқызылған. «Науқастардың қазір жағдайлары жақсы», дейді дәрігерлер.
Нұржан Биқоңыров, Алматы қаласы №4 қалалық клиникалық ауруханасы күйік бөлімшесінің меңгерушісі:
- Науқастар денесінің екі пайыз бірінші, екінші дәрежелі термиялық күйігімен жеткізілді. Қазіргі таңда жағдайлары бірқалыпты.
Жарылған құбыр 1993 жылы пайдалануға берілген. Мамандардың айтуынша, желінің қырық жыл пайдалануға болады деген кепілдігі бар. Алайда, ауыр жағдайдан кейін аталған кәсіпорын өкілдері осы аймақтағы ыстық су желілерін толыққанды тексеруден өткізіп, қатаң бақылауға алмақшы.
Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ