Алматыда аяздың салдарынан жылу желісі жарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда аяздың салдарынан жылу желісі жарылды

29.01.2018

Алматыда жылу құбыры жарылып, қақаған аязда 130-ға жуық ғимарат жылуcыз қалды. Олардың ішінде екі мектеп пен төрт балабақша бар. Бірақ, аязға байланысты бүгін мектептерде сабақ тоқтатылған. Ал, балабақшадағы бүлдіршіндерді уақытынан бұрын үйлеріне қайтаруға тура келді.

Әуезов ауданының Сүлейменов және Тоқтабаев көшелерінің қиылысындағы диаметрі 500 миллиметрлік жылу құбыры таңғы сағат жетінің кезінде жарылған. Апаттың салдарынан 80-ге жуық көпқабатты тұрғын үй жылудан ажыратылды. Ал, бір аптадан бері аяздан тоңып жүрген азаматтар жылусыз қалып, тіпті қиналды. Амалсыз заттарын жинап, туысқандарының үйлеріне кетіп жатыр.

Майра Абдрахимова, қала тұрғыны:

- Күн суық. Енді туысқандарға бара жатырмыз. Жылу жоқ.

Боранбек Дүйсекеев, қала тұрғыны:

- Енді бауырларымыздың үйіне барып қонамыз. Кішкентай балалар бар. Соларды апаруымыз керек. Оларға суық тиіп қалады. Жаңадан дүниеге келген кішкентай нәрестелеріміз бар.

Оқиға орнында жұмыс істеген апатты қалпына келтіру бригадасы құбырдың жарылған жерін тек түс ауа тапты. Мамандардың айтуынша, төтенше жағдайдың басты себебі, құбырлардың әбден ескіруі. 1980 жылы салынған желінің жұмыс істеп тұрғанына 40 жылға жуықтаған. Сондықтан, әбден тозған темірлер температураның күрт төмендеуіне шыдас бермеген.

Ян Гирин, Алматы энергокешені кәсіпорындарының ресми өкілі:

- Қазір Алматыдағы құбырлардың 62 пайызы осындай жағдайда. Уақыты жетіп, тозып тұр. Бірақ, барлығын бір жылда ауыстырып шығу мүмкін емес. Әр жылға қойылған жоспар бар. Мысалы, былтыр 20 млрд. теңгеге жалпы ұзындығы 32 шақырым болатын құбыр жаңартылды.

Қазір жылудан ажыратылған үйлердің жартысы қайтадан қосылды. Ал, қалған үйлерге апатты аймақтың толық жөнделіп болғанын күтуге тура келеді. Бірақ, мамандар жұмысты бүгін түннен қалдырмайтындықтарын айтты. Мұндай оқиға Алматыда қыс түскелі осымен екінші рет болып отыр. Қараша айында Райымбек батыр мен Өтеген батыр көшелерінің қиылысындағы ірі магистраль жарылып, 100-ге жуық ғимарат ыстық сусыз қалған еді.

 

Амангелді СЕЙІТХАН

Хабарламаларға жазылу