Еліміз былтыр 1,3 млрд доллардың ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығарды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты. Елде 7,8 млн бас ірі қара бар. Бір жылда мал басы 5,6 пайызға өскен. Министр еліміздің батысында қырылып жатқан жылқы иелеріне қандай көмек көрсетілетінін де айтты.
Былтыр шаруа үшін ауыр жыл болды. Дағдарысқа қарсы шара ретінде мемлекеттік қолдау 366 млрд теңгеге жетті. 2019 жылғы деңгейден 13%-ға көп. Субсидиялау жеңілдетілген және толық автоматтандырылды. Түрлі қорлар арқылы қаржыландыру 446 млрд теңге құрады. Қарыз алушылардың саны артқан. Кредит алғаушылардың дені шағын және орта бизнес өкілдері. Елімізде 57 ірі жоба іске қосылып, ауылда 15 мыңға жуық жұмыс орны ашылды.
Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында мың бас жылқы аштан қырылды. Қыстан аман шыққан малдың ауызы енді көкке іліне ме деген үміт ақталмады. Бір тамшы жауын жаумай көк шықпай қалды. Қызылордаға апта соңына дейін 600 тонна арпа жеткізілмек. Ал, жем-шөпті тиісті деңгейде әзірлемеген жергілікті билік өкілдері жауапқа тартылмақ.
Еркебұлан Ахметов, ҚР АШМ мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры:
Зардап шеккен фермерлерді қолдау үшін, тиісті есептеулер жүріп жатыр. Үкіметтің резервінен қосымша қаражат қарастыратын боламыз.
Көктемгі егін егу сәтті өткен. Жалпы, ел бойынша 22,7 млн гектар алқапқа дән егілді. Бұл былтырғыдан 78 мың гектарға арттық. Жер жыртып, егін егу бір шаруа болса, оны баптау, суару, тыңайтудың машақаты одан да қиын. Міне, осы айтылған дүниелер орындалса, күзде қамба дәнге толмақ.
Назгүл Хатепова, ҚР АШМ өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департамент директорының орынбасары:
2021 жылғы көктемгі дала жұмыстарына тұқым шаруашылығына 11,7 млрд теңге қарастырылған. Бүгінгі таңда өтініштерді қабылдау жүріп жатыр.
Жеміс-жидек пен көкөніс бағасы қымбат. Министр маусым аралық қымбатшылық, өз өніміміз сөреге жеткенде баға қалпына келеді деп сендірді. Бұдан бөлек, елімізде құс еті тапшы. 2024 жылы құс еті мен шұжық 100 пайыз Қазақстанда өндірілмек.
Ғабит Бөкенбай