Алматыда бетон зауыты жарылып, жақын маңдағы тұрғын үйлерді шаң-тозаң басып қалды.
Кейін өндіріс орнында цемент құятын шлангтан ақау шыққаны анықталды. Қазір бәрі реттелген. Бірақ, жергілікті тұрғындар мұндай жағдай бірнеше рет қайталанғанын және шаңның деңгейі әдеттегіден 3 есе жоғары болғанын айтты.
Таңшолпан Әуезова, куәгер:
Қорқып кеттім. Қатты жарылыс болғандай болды. Бірақ жарылыстың даусы да жоқ болды. Цемент деген қара аспан сияқты болып кетті да, үстімізден цемент жауды ғой. Біз деген цементің астында қалып кеттік.
Зауыт пен тұрғын үйлердің арасы 20 метрден сәл асады. Сондықтан, шаңнан көз ашпай отырған тұрғындар 8 жылдан бері зауытты көшіруді талап етіп, әкімдікке бірнеше рет арызданған. Алайда, кәсіпорын тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Ал қалалық Экология департаменті шағымға сәйкес тексеру жүргіземіз дейді. Сондай-ақ, Жасыл экономика басқармасы да серіктестікті өткен айда сотқа берген. Осылайша зауытты жабу жоспарланған. Кезекті сот отырысы 10 маусымда өтеді.