Алматыда әлеуметтік қызметтер үйі ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда әлеуметтік қызметтер үйі ашылды

04.06.2021

Алматыда «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейтін әлеуметтік қызметтер үйі ашылды. Нысанды реконструкциялау жұмыстары былтыр басталған. Бір жыл ішінде ғимарат халық игілігіне берілді. Орталықта тұрғындар 800-ге жуық қызмет түрін ала алады.

Орталықтың ашылуына қатысқан Бақытжан Сағынтаев жергілікті бюджеттің 46 пайызы әлеуметтік салаға жұмсалғанын айтты. Қала әкімінің сөзінше, мұндай нысандардың көбеюі мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын жаңа деңгейге көтереді.

Бақытжан Сағынтаев, қала әкімі:
Осы саладағы әртүрлі жағдайға тап болған біздің қызмет тұтынушылардың бәрі бір жерге жиналып, бір жерге қызметті пайдалану жұмыстарын жеңілдіктер жасау бойынша болып отыр.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың ғимарат ішінде жүріп-тұруына барлық мүмкіндік бар. Қорғаушы мен психологтың бөлмелері де қарастырылған. Сондай-ақ балалар үшін арнайы ойын алаңы жұмыс істейді.

Нағигүл Бисенбина, «көпбалалы отбасылар» одағының төрайымы:
Мүгедек адамдар, көп балалы аналар келеді. Балаларын тастап әр жерде жүрмеуі үшін. Соның бәрі бір жерден ұйымдастырылғаны өте керемет. 

Орталықта 11 қызмет көрсету мекемесі жұмыс істейді. Қағазбастылық пен әкімшілік кедергілерге тап болмау үшін барлығы бір жерге топтастырылған.

Назира Тоғызбаева, қалалық әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы:
Анықтаманы алу үшін ана қаланың басынан екінші жағына барады. Сондықтан осы жерге келеді. Көпбалалы аналар келеді. АСП толтыру үшін. Біздің әлеуметтік салаға бет бұруымыздың негізгі мәсәлесі сол. 

Әлеуметтік қызмет көрсету үйі қоғамдық көлік көп қатынайтын Достық даңғылының бойына орналасқан. Дәл жанында метро бекеті бар. Яғни, қала тұрғындарының келуіне ыңғайлы.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу