Пәтерін мұқтаж жандарға сыйлаған актриса қарттар үйінде тұрып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Пәтерін мұқтаж жандарға сыйлаған актриса қарттар үйінде тұрып жатыр

02.10.2019

Алматыдағы әлеуметтік қызмет көрсететін орталықта мемлекет берген үш пәтерін мұқтаж жандарға сыйлаған апа тұрады. Ол - белгілі актриса Айымторы Тайғаринова. Бүгінде жасы 80-нен асқан ақ жаулықты ана кезінде театр өнерінің саңлағы болған. Бірнеше басты рөлдерді сомдап, ел құрметіне бөленген. Сол талантты, тағдыры да ерекше тұлғамен тілшіміз кездесіп қайтты.

Айымторы Тайғаринованың мұнда тұрып жатқанына жеті жыл. Атақты актриса кезінде театрдың жандануына үлес қосқан. Талай жыл Шымкент қаласында жұмыс істеген. Сол кезде оған өнерге сіңірген еңбегі үшін мемлекет тарапынан үш рет үй берілген. Бірақ кең жүректі апа сол пәтерлерді көмекке зәру жандарға сыйлапты.

Айымторы Тайғаринова, №3 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының тұрғыны:

Ақысыз, сыйлық ретінде бердім.

Талант иесінің тағдыры да ерекше. Дүние-мүлікке мүлдем қызықпайтын Айымторы Каспийқызын алаяқтар қартайған шағында тұрып жатқан жалғыз баспанасынан айырған. Белгісіз біреулер пәтерін сыртынан сатып жіберген. 

Айымторы Тайғаринова, №3 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының тұрғыны:

Пәтерді жалға бергенбіз, жалға алушы алдап, үйді сатып жіберді.

Өмір жолы өзгеше Айымторы апа қазір арнаулы орталықта айрықша құрметке ие. Мұнда оны бәрі жақсы көреді. Жалпы, ардагерлер үйі баталы қариялар мен жаулықты апалардың мейіріміне толы. Тағдырлары сан қырлы болса да, оларды біріктіретін бір күш бар. Ол - рухани үндестік.

Римма Төреханқызы, №3 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы директорының орынбасары:

Қарттардың жиналған жері ол - қазына. Қоғамның қазынасы - қарттар.

Қазір орталықта 300-ден астам тұрғын бар. Оларды жыл сайын құттықтау дәстүрге айналған. Биыл осы қарттарға арналған іс-шаралар легі бір ай жалғасады. Қазан айының аяғына дейін қариялар театрларға барып, тарихи-мәдени орындарды аралайды.

Амангелді Сейітхан

Хабарламаларға жазылу