Қостанай облысының оңтүстік аудандарына жолдың жыры таусылмай келеді. Мысалы осы өңірді облыс орталығымен жалғайтын Әулиекөл-Жалдама бағытының жарты бөлігі жөнделгенімен, жартысының тас талқаны шығып жатыр. Ал Жанкелдин ауданындағы ауылдардың басым бөлігіне баратын жолдарда мүлде асфальт жоқ. Қар еріп жаңбыр жауса ми батпаққа айналады.
Бұл ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы туған Қарасу және Ақккөл ауылына баратын жол. Жол деген аты ғана. Әшейін топырақты үйе салған. Ұзындығы 100 шақырымнан асатын жол әуелден асфальтталмаған. Ондай жоспар да жоқ. 100 шақырым түгілі Аманкелдіден Үрпекке баратын он алты шақырымның өзін тегістеу мұңға айналған.
Досым Құдайбергенов, Үрпек ауылының тұрғыны:
Машинаны құртады шынын айтқанда. Шаршатады кәдімгідей. Бұл жолды дұрыстаса екен деп армандап, неше жыл болды. Салыну керек жол. Жаңадан алған өзінде болмайды. Қазіргі кезде қосалқы бөлшек деген өте қымбат.
Үрпектің қасындағы Торғай өзені арқылы өтетін көпір де әбден тозған. Тіреулері мүжіліп, табаны тесіліп іріп тұр.
Руслан Қайырбеков, Амангелді ауданы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
Жоба жасауға 13 млн теңге басқармадан сұрап жатырмыз. Амангелді-Үрпекке 16 шақырымға қазір техникалық құжаттар дайын тұр. Облыстық бюджеттен 90 млн теңгедей қаражат бөлінген.
Шеткері ауылдарды былай қойғанда облыстың оңтүстігін орталығымен жалғайтын Әулиекөл-Жалдама бағыты да бұзылып барады. Жолдың Наурызым жақ бетін жөндегендердің жүк көлігі Жалдама жақтағы бөлігін талқандап жатыр.
Жауапты мамандар Әулиекөл-Жалдаманың 125 шақырымы қарашаға дейін жөнделіп бітеді дейді. Жалпы биыл облыста 9,2 млдр теңгеге 200 шақырымға жуық жол жөнделеді. Бұл өңірдегі барлық жолдардың 2 пайызы ғана.
Дәуренбек Әбдібек