Ақтөбе облысының Сарыжар ауылында жайылымдық жер жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысының Сарыжар ауылында жайылымдық жер жоқ

31.05.2021

«Мал өсіргісі келетіндер көп, алайда жайылым жоқ». Ақтөбе облысы Сарыжар ауылының тұрғындары осылай деп жан айқайларын жеткізді. Айтуларынша, елді мекен маңайындағы аумақтың бәрі жекенің қарамағында. Жер иесі қарапайым тұрғындардың малын, одан қалды малшыны таяқтап қуып, жолатпайтын көрінеді. Жақсыбек Кемал баяндасын.

Жақсыбек Кемал, тілші:
Жайылым мен ауыл арасы он бес шақырым. Ортадағы жердің бәрін кәсіпкер иемденіп алған. Күніне 30 шақырым жер жүретіндіктен малдардың көбі көтерем.

Мәртөк ауданындағы бұл ауылда халық саны жыл санап өсіп келеді. Сәйкесінше, мал ұстаушылар да көп. Қазірдің өзінде күн сайын өріске мың жарым сиыр шығады. Алайда, жайылымдық жер аз. Тіпті, суатты да кәсіпкер иеленіп алған. Мал түгілі малшының өзін жолатпайды екен.

Амалы таусылған тұрғындар бүгін жиналып, әкім-қараларға талап-тілектерін жеткізді. Олар «Әкімдіктен жұмыс сұрамаймыз, мал ұстап, өз күнімізді өзіміз көруге мүмкіндік берсін», - дейді.

Жолдас Қарабеков, ауыл тұрғыны:
90 пайызы мал ұстайды осы жерде. Соның бәріне бір жол қалды болғаны. Міне, қараңызшы, шөп жоқ. Қойың да, жылқың да, түйең де, қара малың да – бәрі бір жолмен барады, бір жолмен келеді. Ол шөп бір айда бітіп қалады. Болмаса көшіп кетейін деп отыр малды бақпасақ, мына жақта штраф дейді қой басына.

 Ауыл маңындағы жердің көбі соңғы 2-3 жылдан бері бір кәсіпкерге тиесілі. Оған дейінгі жалға алушы банкке берешегін өтей алмай, пайдалану құқығы келесі адамға өткен. Аудан басшылығы болса, жайылымдық жерді ұлғайту жоспарда бар деп отыр.

Исатай Еспағамбетов,  Мәртөк ауданы әкімінің орынбасары:
Пайдаланбай жатқан шаруа қожалықтардан жерді мәжбүрлеп алып, елді мекенге қайтаруымыз қажет.

Әкімдік өкілі халық пікірін барынша ескеруге уәде берді. Әуелі кәсіпкерге тиесілі жердің 1 200 гектары қайтарылуы тиіс.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу