Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «QazVac» вакцинасын ресм таныған вакциналар қатарына қосу мәселесін қарастарып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен сөйлескен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус осылай деді. Қыркүйек айына қарай жер шарындағы халықтың 10 пайызына екпе егіліп, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 30 пайызға жеткізу жоспарланған.
Күн тәртібіндегі басты мәселе коронавирусқа қарсы екпе алу. Бүгінге дейін Қазақстанда 2 млнға жуық адам вакцина салдырды. ДДСҰ басшысы «бұл өте жақсы көрсеткіш» деп жоғары бағалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
Біз ел тұрғындарының 55 пайызына коронавирусқа қарсы екпе егуді жоспарлап отырмыз. Бұл межеге жыл соңына дейін жетеміз деген мақсатымыз бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы біздің маңызды әрі сенімді серіктесіміз екенін айтқым келеді.
«QazVac» вакцинаның тиімділігі 96 пайыз. Қазір вакцинаға келісім алу үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен келіссөздер жүріп жатыр. Тедрос Адханом Гебрейесус «QazVac» екпесінің әзірлемесін қолдайтынын және төтенше жағдай кезінде пайдалануға болатын дәрі-дәрмектердің тізіміне қосу мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін айтты.
Тедрос Адханом Гебрейесус, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры:
Жыл соңына дейін жалпы қазақстандықтардың жартысынан астамы вакцина алады деген жоспарларыңыз тамаша жоспар. Әлем бойынша тұрғындардың 30 пайызына екпе егіледі деп болжап отырмыз. Олардың санын 40 пайызға дейін жеткізуіміз де мүмкін. Вакцина пайдалы әрі қауіпсіз. Екпе алған елдерде ауру төмендеп, жағдай оңалып келеді.
Президент пандемияның алғашқы айларында қорғаныш құралдары мен медициналық жабдықтарды жеткізіп бергені үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына ризашылық білдірді. Сондай ақ «One Health» бағдарламасы аясында дайындалған Орталық Азияның әлеуетін арттыру жөніндегі Қазақстанның пилоттық жобасын ұсынды. Бұл жоба ауру көрсеткіштері мен биоқауіпсіздікті бақылаудың өңірлік орталығын құруды мақсат етеді.
Ғабит Бөкенбай