Қарағандыда каратэ секциясында жаттығу кезінде жарақат алған жасөспірім қайтыс болды (Толығырақ) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыда каратэ секциясында жаттығу кезінде жарақат алған жасөспірім қайтыс болды (Толығырақ)

11.03.2019

Қарағандыда каратэ секциясындағы жаттығу кезінде дене жарақаттарын алған жасөспірім бала қайтыс болды. Оқиға 8 наурыз күні болған. Жедел жәрдем жекеменшік сауықтыру орталығына шұғыл жеткен. Мұнда 14 жастағы бала тіршілік белгісінсіз сұлық жатқан. Маңайындағылардың талап етуімен облыстық кардиологиялық орталыққа жеткізілгенімен Данил Поторскийді ажалдан аман алып қалу тым кеш еді. Бұл туралы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Данилдің қаладағы жаттығуға Дубовка кентінен келіп, қатысып жүргеніне 5 жылдан асқан. Қазір оқыс оқиғаның мән-жайын анықтау үшін полицейлер тергеу жүргізіп жатыр. Соның қорытындысы бойынша жедел жәрдем мен жаттықтырушының әрекеттері құқықтық тұрғыдан нақтыланбақ.

Айжан Иса, Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

- Жедел жәрдем дәрігерлері келгенде бала оған дейін қайтыс болып кеткен. Жедел реанимациялық көмек көрсетілген. Бірақ ешқандай нәтиже берген жоқ. Қасындағы адамдардың өтініші бойынша облыстық кардиологиялық орталыққа апарды. Ол жерде де бүкіл реанимациялық көмек көрсетілді. Бірақ ешқандай нәтиже берген жоқ.

Дмитрий Карпов, Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

- Ең бірінші баланың ата-анасына, туыстарына қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз. Каратэ федерациясы тарапынан марқұмды ақтық сапарға шығарып салу үшін көмек көрсетілді. Оқыс оқиға болған жаттығу орталығы акредиттелген, яғни заңды түрде тіркелген. Федерация тарапынан берілген анықтама бойынша еліміздегі үлгілі спорттық мекемелердің бірі.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу