Жезқазғандағы әйгілі амфитеатр қаңырап бос тұр. Мәдени нысан осыдан үш жыл бұрын ғана «Жезкиік» халықаралық фестивалінде бар сән-салтанатымен ашылған болатын. Қала белсенділерінің айтуынша, жоба толық аяқталмаған және дұрыс бақылау жоқ. Сол себепті бюджеттің миллиондаған қаржысына салынған амфитеатрдың аз уақытта тас- талқаны шыққан. Тілшіміз Руслан Нұрланұлы тарқатады.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
Жезқазған қаласындағы ең көрікті жерлердің бірі мына амфитеатр. 2018 жылы салынған. Алайда бүгінде жағдайы мәз емес. Себебі вандалдар орындықтарды сындырып, сахна маңы мен қоршаулардың тас-талқанын шығарған. Нысанның бүгінде осындай жағдайға жетуіне дұрыс бақылаудың болмауы басты себеп дейді қоғам белсенділері.
150 миллион теңгеге салынған нысанның сұрқы осы. Айналасы толы қоқыс. Сахна элементтері қирап біткен. Әу баста жоба дұрыс ойластрылмаған. Жұмыс нәтижесі сол кездегі облыс әкімінің көңілінен шықпады. Көрермендер отыратын жерде екінші қанаты жетіспейді. Симметрияның жоқтығы сәнін құртып-ақ тұр. Мердігер қайта жобасын жасағанмен, жергілікті билік оны керек қылмады,-дейді қоғам белсендісі Мақпал Орынбетова.
Мақпал Орынбетова, қалалық мәслихат депутаты, қоғам белсендісі:
Бюджеттік тұрғыда бұл иә, біткен объект. Ал бірақ заңды тұрғыда бұл бітпеген объект. Бұл ілулі тұрған объект әлі. Иесіне көшпеген, яғни, иесіз жатқан деп айтуымызға болады. Желге кетіп жатқан қаржы. Бюджеттің ақшасы болған соң ешкімнің жаны ашып тұрған жоқ.
Жөппелдемеде салынған жазғы театрда бір-ақ рет «Жезкиік» халықаралық фестивалі өтті. Кейін қаңырап қалған нысан қаңғыбастар мен маскүнемдердің мекеніне айналды. Күзет жоқ, бейнебақылау да орнатылмаған.
Нұрай Ахмет, Жезқазған қаласының тұрғыны:
Осы жерге келген кезде тамсанып қарайтындай дүниелерді істеу керек деп ойлаймын. Жалпы фотозона деген сияқты, қоршауға алып, адамдар сындырмайтындай етіп және орындықтарды, барлығын жаңарту керек деп ойлаймын.
Кеңгір су қоймасының жағасындағы амфитеатр тұрған жер қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына тиесілі. Нысан құрылысына өзгерту енгізілмей неге аяқсыз қалғанына жауаптылар мардымды ештеңе айталмады.
Ержан Есетов, Жезқазған қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
Мен ол кезде жұмыс істеген жоқпын. Ол туралы айтып бере алмаймын. Дегенмен біз ол жерді ұмыт қалдырған жоқпыз. Өз күшімізбен жөндеп келдік.
Биыл көрнекті қаладағы жерлерді абаттандыруға 40 миллион теңге қаржы бөлінген. Тендер кеш болса да өтіп, мердігер анықталды. Жеке кәсіпкер амфитеатрды қайта қалпына келтірмек.
Руслан Нұрланұлы