Қостанай облысында 1,5 млн теңгеге сырғанақ салынған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында 1,5 млн теңгеге сырғанақ салынған

07.02.2022

Қостанай облысындағы Әйет ауылының әкімі 1,5 млн теңгеге сырғанақ салып айды аспаннан бір-ақ шығарды. Бұл қаңқасы ағаш тақтайдан құрастырылған біреуіне ғана кеткен қаржы. Ал азғантай қарды кішкене төмпешік етіп үйген екіншісінің құны - 248 мың теңге. Оның өзі белгіленген мерзімінен жарты ай кешіктіріліп жасалған. Бейімбет Майлин ауданының орталығы – Әйет ауылына барып, құны қымбат- сыры жұмбақ сырғанақтарды көріп қайтқан тілшіміз Дәуренбек Әбдібектің рептортажы.

Дәуренбек Әбдібек, тілші: 
Әйеттегі 1,5 млн теңгеге жасалған сырғанақ осы. Сонша қаржы жұмсайтындай біз бұл жерден аздаған ағаш пен көктен жауған құдайдың тегін қарна басқа ештеңе көріп тұрғамыз жоқ. Ал мынау 248 мың теңгеге салынған екінші сырғанақ. Бұл жерде тіпті айтарға сөз де жоқ. Себебі мұнда көктен жауған тегін қардан басқа ештеңе қолданылмаған.

Галина Фирус балаларын ертіп 31 желтоқсан күні орталық алаңға келгенде оның жұпыны кейпін көріп таңғалғанын айтады. Ағаштан жасалаған жалғыз сырғанақ пен ұсқынсыз бірнеше қар мүсінінен басқа ештеңе болмапты. «Олардың өзінің сапасы сын көтермейді» дейді.

Галина Фирус, Әйет ауылының тұрғыны:
Тақтайлар дұрыс сүргіленбеген, тиісті сұйықтықпен өңделмеген. Өзінің бағасына мүлде сай келмейді. Ал мына қардан үйілген сырғанақты тек 13 қаңтарда жасай бастады. Ал мемлекеттік тапсырыс бойынша ол 31 желтоқсанда пайдалануға берілуі тиіс еді. Қазіргі кейпіне қарап мен оны балалардың сырғанап ойнауына жарамды деп ойламаймын.

Иә, ширек млн жұмсалған екінші сырғанақ жәй ғана қар үйіндісіне ұқсайды. Тұрғындар қар мүсіндер мен сырғанақтарға қанша қаржы бөлінгенін мелмекеттік сатып алу сайтынан көріпті.

Жанат Макумова, Әйет ауылының тұрғыны:
Жалғыз жолбарыстың құны 104 мың теңге тұрады дейді. Сонымен бірге мұнда Аяз ата мен Қарша қыздың да мүсіні болды. Бәрі де сапасыз дайындалған. Көп ұзатпай қаңтардың басында олардың бәрін құлатып, орнын тазалап тастады.

Яғни жүздеген мың теңгеге тұрғызылған қар мүсіндердің ғұмыры бір айға да жетпепті. Осы іске бастамашы болған ауыл әкімі қазір сырқаттанып жатыр екен. Оның орнына келген орынбасары «сырғанақ бағасына сай» дейді.

Абзал Арықов, Әйет ауылы әкімінің орынбасары:
Міне осындай сырғанақ Алматы қаласында 1 млн 200 мың теңгенің сыртында тұрады. Оны әкеліп орнатуды қоссақ 2 млн теңгенің сыртына шығады. Сондықтан біз барынша арзанға орнаттық.

«Баға белгілі шектен аспады» деп ауыл басшыларының сөзін аудан басшылары да қостайды. Олардың айтуынша сырғанақты жәй ғана қардан үйіп жасаудың өзі қыруар шығын екен.

Марат Әлмағанбетов,  Б. Майлин ауданы әкімінің орынбасары:
Қарды сырттан тасыды. Яғни, трактор қызметінің құны бар, жанар-жағармай бар дегендей. Оның сыртында аптасына бір рет су құйып сырғанақты күту керек.

Мердігер екінші сырғанақты тапсыруды мерзімінен кешіктіргені үшін 248 мың теңгені ауыл бюджетіне қайтарған. Аудан басшылары басқалай заңға қайшылық тапапты. Алайда олардың бұл пікірмен жергілікті тұрғындар келіспейді. Олар «ауыл әкімнің әрекетін тексеруді сұрап құзырлы орындарға жазбаша шағым» түсірдік дейді.

Дәуренбек Әбдібек 


Хабарламаларға жазылу