Елімізде маусым-қыркүйек айларында 95 мың адам коронавируспен ауруы мүмкін. Бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі елдегі эпидахуалды баяндап, індетке қатысты үш түрлі болжам жасады. Оның қайсысы орындалатыны азаматтардың екпе салдыруына байланысты дейді. Егер вакцинаның тиімділігі 60% болса, маусым-қыркүйек айларында 95 мың адам, ал тиімділік 80% болса, 69 мың, 95% болса, 61 мың адам вирус жұқтыруы мүмкін. Сол үшін министр екпе егу жұмыстарын арттыру керек дейді. Ал қазір эпидахуал тұрақты. Вирус жұқтырғандар осы айда 20 пайызға азайған. Сондай-ақ министр елде коронавирустың «үнді» штаммы тіркелмегенін айтты. Премьер-министр болса, екпе егуге қатысты үгіт-насихат жұмыстарын жандандырып, ашық қосымшасын вакцина паспортымен жедел интеграциялауды тапсырды.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
Коронавирусқа қарсы шамамен 3 млн-ға жуық екпе жасалды. Соның ішінде алғашқы компонентпен 2 млн-нан астам адам, екінші компонентпен миллионға жуық адам алды. Вакцина қорларын толтыру егу пунктерін арттыру бойынша шаралар қабылданып жатыр. Вакцинаның болуы-болмауы бойынша проблема жоқ. Қазір егу науқанын кеңейту пандемиямен күресте ең маңызды міндет болып табылады.
Досжан Маратұлы