Үндістанда коронавирустан қайтыс болғандар саны 300 мыңнан асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үндістанда коронавирустан қайтыс болғандар саны 300 мыңнан асты

24.05.2021

Үндістанда коронавирустан қайтыс болғандар 300 мыңнан асты. Осылайша, бұл мемлекет ковидтан адам жоғалтудан әлемде АҚШ пен Бразилиядан кейінгі үшінші орынға шықты. Ал, осы инфекцияны жұқтырған үндістандықтар саны 27 миллионға таяп қалды. Елдің ірі қалаларында пандемия біршама әлсірегенімен, шалғайдағы аудандарда күшейіп келеді. 

Коронавирус инфекциясы Эверест тауында да өршіп барады. Соңғы мәліметке қарағанда, мұнда кемінде 100 альпинист пен штаб қызметкеріне Covid-19 диагнозы қойылған. Олардың нақты саны 200-ге жетіп қалды деген болжам бар. Алайда, Непал үкіметі әлемнің ең биік шыңына вирус жетті деген мәліметті растамай отыр. 

Жапонияда Олимпиада қарсаңында егде жастағы адамдарды жаппай вакциналау орталықтары ашылып жатыр. Мұндай мекемелер Токио мен Осакада күніне мыңдаған адамға екпе салмақ. Ал, Токио мен бірнеше префектурада жарияланған төтенше жағдай режимінің мерзімі шілденің 20-на дейін ұзартылуы мүмкін. Мұны «Йомури» газеті хабарлады. Айта кетсек, қауіпті індет өршіп тұрғандықтан, Жапонияда Жазғы Ойындарды доғаруды талап етушілер көбейіп келеді.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу