Вакцина шешек ауруын жер бетінен түбегейлі жойды
Оба мен тырысқақтан кейінгі ең қауіпті ауру Оспа деседі тарихшылар. Қазақта оны қара шешек, жәй шешек, жел шешек деп бөлген. Жұқпалы дерт 5-7 ғасырда Таяу шығыс елдерінде тараған деген ақпар бар. Әр елде халықтың шамамен үш пайызы ауырып, әр сегізінші тұрғын қайтыс болған. Ұзақ жылдар емі табылмаған аурумен Қазақстан қалай күресті? Раушан Сайлауқызы толығырақ.
Жұқпалы ауру тұмау тәрізді басталып, денеге бөртпе шығады, қызуы көтеріледі. Көбіне балалар зардап шеккен. Ауру салдарынан көру қабілетінен айырылғандар көп. Бөртпеден кейінгі тыртықтан науқастар сұрықсыз күйге түскен. Кей елдерде жұқтырғандардың 40 пайызы көз жұмса, шағын тайпалар мүлде жойылып кеткен.
Еркін Әбіл, Мемлекеттік тарих институтының директоры:
Қазақтар көшпелі болғандықтан кішкене аздау болды. Көбінесе ауырған адамды қалдырып көшіп кететін. Бұл қазіргі сөзбен айтқанда изоляция.
18 ғасырдың басында алдымен Англия екпе салуды қолға алды. Біртіндеп, өзге елдер де шешекке қарсы иммундау шараларын жүргізді. Қазақ жерінде аурудың қай жылдары тіркелгені белгісіз. Десе де, тарихшылардың мәліметінше шешекпен ауырғандарды әуел бастан оқшау ұстаған. Тамақты құрықпен берген. Науқас бар үйге қызыл белгі қойған. Тіпті екпенің де ерекше тәсілін ежелден білген.
Айгүл Сейілбекова, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының аға оқытушысы:
Қазақ вакцинаны білмеді деуге болмас, кезінде ауырған баланың жарасының бетін сау баланың мұрнына салған. Бұл туралы орыс саяхатшыларының еңбектерінде бар. Нақты шешекке қарсы екпе 1920 жылы Орынборда құрылды.
Тек ХХ ғасырда ҚазАКСР құрылған кезде статистика жүйелене бастады. 1921 жылы елде 350 мыңнан астам жұқпалы дерт тіркелген. Кеңес ғалымдары арнайы институт жанынан шешекпен күресу жұмыстарына кірісті, бұзаухана ашты. Тірі вирусты сиырдың төліне жұқтырып, кейін олардан алынған бактериялардан вакцина жасаған.
Сәбит Шілдебай, ҚР Орталық мемлекеттік архивінің директоры:
1934-35 жылдары Кеңес үкіметі Кеңес құрамында болған АКСР ауруды жеңді. 1934 жылы инстиут 30 млн шешек детридін өндірген.
Екпеден бөлек сақтанудың сан түрлі әдісі жиі насихатталған еді. Алаш арыстарының бірі Әлихан Бөкейхан «Тазалықтың іргесі – су мен сабын» десе , Халел Досмұхамедовтің «Ауру шыққан ауылға қатынаспай аулақ тұру керек» деген ескертпелері қазір де құндылығын жойған жоқ. Ал аурудан қайтыс болғандарды жерлеудің де өз тәртібі болған.
Еренбек Білімбаев, «Қараөткел» зиратының барлаушысы:
Жұқпалы аурумен ауырғандарды Кеңес үкіметі кезінде елді мекеннен алыс 50-60 км жерде 7 метр тереңдікке қойған.
ХХ ғасырда жаппай вакцинациялаудың нәтижесінде шешек ауруы жер бетінен түбегейлі жойылды. Өткен ғасырдың 70 жылдары соңғы дерек тіркелді. Содан бері жер бетінде бұл ауру анықталмаған. Қазір қауіпті вирус тек зертханада сақтаулы.
Раушан Сайлауқызы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
