Елордадағы әуежайда «Ashyq» жобасы енгізілгелі 8 жолаушыдан «қызыл түсті» белгі анықталды. Олар ұшаққа жіберілмейді. Әуе компаниясы билет бағасын өтеуі немесе қайта брондап беруі тиіс. Ал, «сары түспен» ұсталғандар рейсін ауыстыра алады. Жалпы жүйе іске қосылған 2 күнде тексеруден өткендер саны 10 мың адамға жуықтады. Негізі тұрғындар «Ashyq» мобильді қосымшасын орнатуға міндеттелмейді. Қаласа жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы да өте алады. Бұл мақсатта әуежайда жолаушыларды бөліп тексеруге қолайлы жағдай жасалған. Аталған жүйе ПТР базасына кіріктірілген. Алдағы екі аптада вакцинация құжаты дерек қорына интеграцияланбақ. Яғни «Ashyq» қосымшасын жүктеген азаматтардың мәліметі ақпараттық технологиялар орталығының серверінде сақталады. Оны тек санитар дәрігерлер ғана көре алады. Дәмханаларға топтық кездесу өткізуге тыйым салынған. Егер «Ashyq» жобасы талабы бұзылса онда шара қолданылады.
Нысаналы Ығыл