Павлодар облысында тұрғындар сапасыз үйде тұрудан бас тартуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысында тұрғындар сапасыз үйде тұрудан бас тартуда

12.05.2021

Павлодар облысының Шарбақты ауданында да мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйлер сапасыз болып шықты. Іргетасы қопарылып, қабырғалары жарылып кеткен. Қыстан қалтырап әзер шыққан тұрғындар бұндай баспанада әрі қарай тұрмаймыз деп наразы. Ал, аудан басшылығы осындай қос пәтерлі 10 үйді сапасына қарамай қабылдап алып, мердігерге ақшасын түгелдей төлеп тастаған.

Терезе ғана емес, үйдің қабырғалары да қопсып тұр. Нұрқабыл Еренсізұлы 5 баланың әкесі. Бұл жаққа Жетісу өңірінен қоныс аударды. Қараша айында қоярда- қоймай көшіріп алып келген жергілікті билікке өте өкпелі.

Нұрқабыл Еренсізұлы, Шарбақты ауданының тұрғыны:
Бес бала мұздап, жаурап қалмасын деп 12-13 тонна көмір жағып жібердім. 

Бұл үйлер былтыр «Еңбек» бағдарламасы бойынша сатып алынған. Қос пәтерлі 10 үйге бюджеттен 168 млн. теңге қаржы жұмсалыпты. Олардың 4 і оңтүстік облыстардан қоныс аударған тұрғындарға берілген. Ал, бос тұрған төрт үйдің қазірдің өзінде іргетасы сөгіліп, қабырғалары қарайып кеткен.

Башир Костоев,  Шарбақты ауданының тұрғыны:
Бірнеше рет әкімшілікке барып құрылыстың сапасыз жүргізіліп жатқандығын айттым. Әкімнің орынбасарын алып келіп көрсеттім де. Өйткені,жеке кәсіпкер салғанымен бұл үйлер мемлекет балансына алынатының білеміз ғой. Бұл үйлерде тұратын адамдарға обал.

Бұл баспаналарды салған мердігерге жер учаскесін аудан әкімшілігі берген. Тіпті, құрылыс аяқталған соң сатып аламыз-деген уағдаластық та болған. Ал, қазір жергілікті атқамінерлер шала біткен шаруаға түсніктеме беруден басын ала қашып әлек.

 Ағыбай Әмірин, Шарбақты ауданы әкімінің орынбасары:
Бюджеттің ақшасына алынған үйлерді орнына келтіріндер деп айттым. Олар енді бір айдың ішінде жөндеп береміздеген. Солай айтқан уәдесі бар. Ары қарай көре жатармыз қалай болатынын.

«Еңбек» бағдарламасының басты шарты ішкі көші-қон бойынша келген адамды жұмысқа орналастыру. Былтыр келген 8 отбасының ешқайсы да жұмысқа орналастырлмаған. Сондықтан, олардың бәрі қазір өз беттерінше тірлік жасауда.

Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу