Еліміздегі 80 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздегі 80 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылды

11.05.2021

Техникалық және кәсіби білім беруді дамыту мақсатында былтыр «Жас маман» жобасы қолға алынған. Президент тапсырмасына сәйкес, жоба аясында 22 млрд теңгеге 80 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Мәселен, «Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінің» жанынан «Құзіреттілік орталық» ашылды. Мұнда болашақ мамандар ең заманауи құрылғылармен жұмыс істейді. Аспаздық бөлмесі, кондитер шеберханасы, ақпараттық-технологиямен жабдықталған кабинет, әдістемелік кабинет, студенттерге арналған шағын мейрамханасы бар ғимарат толығымен италялық технологиямен жабдықталған. Бұл орталықта студенттерге арналған түрлі шеберлік сағаттар мен конкурстар да ұйымдастырылады.

Райгүл Көбенова, «Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінің» директор орынбасары:
Жаңа инновациялық құрылғылармен жабдықталған қондырғылар алғанбыз. 1-2 күнде олар тағы толықтырылды. Студенттердің білім алуына барлық жағдай жасалған. Бұған дейін де студенттеріміз көптеген халықаралық жарыстардың жеңімпазы болып жүрсе, енді бұдан кейін бұл орталықтың берері тіпті көп болмақ.

Жыл соңына дейін тағы 100 колледждің оқу-өндірістік шеберханаларын жабдықтау жоспарланған. Оған 29 млрд теңге жұмсалмақ. Осылайша Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында колледждердің материалдық-техникалық базасы толығымен жаңартылады. Яғни «Жас маман» жобасы теория мен тәжірибені ұштастыратын маңызды алаң.

Ақниет Балтанова

Хабарламаларға жазылу