Әскери нысандарға жөндеу жасаған 85 компания ақшасын ала алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әскери нысандарға жөндеу жасаған 85 компания ақшасын ала алмай жүр

26.04.2021

Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери нысандарға жөндеу жасаған 85 компания ақшасын ала алмай жүр. Соның кесірінен мыңнан астам адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Ал, олардың жалпы алашағы 1 миллиард теңгеден асады. 4 айға созылған мәселе енді қашан және қалай шешіледі? Тілшіміз тыңдап келді.

Бұл Елордаға жан-жақтан келген кәсіпкерлер. Олар былтыр қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдеріне құрылыс материалдарын жеткізумен айналысқан. Бірақ, жұмысты уақытында орындаса да, өздеріне тиесілі қаржыны өткен жылдан бері ала алмай жүр.

Мақсат Амантаев, кәсіпкер:
ТОО әскери құрылыс деген компания бар Қорғаныс министрлігіне қарасты. Сол компанияның біз жұмыстарын атқарғанбыз. 100-200 пайызға толық. Бүкіл құжат қолымызда. 
Әбдімәлік Сүгіров, кәсіпкер:
Енді білмейміз не істейтінімізді, жұмыстарымыз тұрып қалды. Жұмысшыларға беретін ақшаларымыз жоқ. Қарыздан қарызға батып жүрміз.

 Кәсіпкерлер компания қаражатты өз қажетіне жұмсап жіберген деп есептейді. Осы күдікпен сотқа да жүгініп, жеңіске жеткен. Бірақ, нәтиже жоқ. Себебі, компанияның қорында қаржы қалмаған. Ал, олар тендерден ұтып алған ақшаны осы уақытқа дейін жиналған қарыздарды жабуға жұмсадық,-дейді.

Серік Есенғалиев, «Әскери құрылыс Астана» ЖШС директоры:
Біз былтыр бөлінген ақшаға алдыңғы жылдардан қалған қарызды жаптық. Ал, бұл мердігерлердің ақшасын биылғы тендерден аударамыз деп есептегенбіз. Бірақ, бас мердігер биыл бізбен келісімшартқа қол қоймады. Содан барып осындай қиындық туып отыр.

Ал, Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, компания тендерді ашық конкурстан жеңіп алған. Министрлік тапсырыс беруші ретінде қажетті қаржыны толық аударған. Ал, компанияның ол қаражатты қалай жұмсағанын анықтау үшін мемлекеттік қаржы инспекциясы қаңтар айында тексеріс бастапты.

Мұхамеджан Таласов, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:
ТОО «Әскери құрылысты» инвентеризация өткіземіз. Мысалыға сол ақша кірсе 1 миллиард 300 мың актив қазір бар. Сол активті таратамыз. Өткіземіз де береміз.

 Министрліктің мәліметінше, қаржылық тексерудің қорытындысы шілде айында ғана шығады. Демек, ол уақытқа дейін кәсіпкерлерге қаражат аударылмауы мүмкін. Ал, олар салықты дер кезінде төлемегені үшін, шоттары бұғатталып, күн сайын қарызға батып барады.

Амангелді  Сейітхан

Хабарламаларға жазылу