Кеше Алматыда «Бұқар жырау тауэрс» тұрғын үй кешенінің күзетшісіне сол үйде тұратын 56 жастағы ер кісі аңшы мылтығынан оқ атып, аяғын жаралап, кейін 17-қабаттағы пәтеріне жасырынған. Арнайы жасақ күдіктімен 6 сағаттан астам уақыт бойы келіссөз жүргізіп, өз бетінше берілуін талап етті. Алайда ер адам оған көнбей, пәтерінің есігіне шамамен 30 рет оқ атқан.
Артынша ол пәтерінің терезесінен мылтығын ұстап секіріп, мерт болды. Полиция дерегінше, жақында аталған күдіктінің әйелі мен балалары үйінен кетіп қалған. Сондай-ақ оның ресейлік азамат екені анықталды. Ал аяғынан жарақат алған күзетші дереу аурухананың жансақтау бөліміне жеткізіліп, медициналық көмек көрсетілді. Дәрігерлердің сөзінше, оның жағдайы қанағаттанарлық. Ал полиция департаменті жүргізген арнайы операция кезінде үйдің тұрғындары эвакуацияланды. Жергілікті тұрғындар 56 жастағы марқұмның өздерімен жиі жанжалдасатынын, көп дауласатынын айтқан. Арнайы операция кезінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері жарақат алған жоқ.
Кеше Түркістанда травматикалық қарумен біреуді қуып жүріп атқандардың бейнежазбасы тараған. Жаралаған адамды қуып жеткен екеу, оны күштеп көлікке отырғызған. Полиция «оқиғаға қатысы барлар анықталды, іздеп жатырмыз», - деген.