30 жыл бұрын елге көшіп келген Миллионер Қажыкенұлы төрт түлікті түлетіп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

30 жыл бұрын елге көшіп келген Миллионер Қажыкенұлы төрт түлікті түлетіп отыр

13.04.2021

Ел тәуелсіздігінің 30 жылында Алматы облысына 20-дан астам елден 214 мыңдай қандасымыз көшіп келді. Бұл шамамен 69 мың отбасы. Ұлы көштің басында тұрған бауырларымыз бүгінде екінші буын ұрпақ өрбітіп, мемлекетіміздің өркендеуіне бір кісідей үлес қосып келеді. Солардың қатарында Талдықорған маңында тұратын Миллионер Қажыкенұлы бар. Ерекше есімді азамат отбасымен ауыл шаруашылығын кәсіп етіп, төрт түлікті түлетіп жатқан жайы бар.

Миллионер Қажыкенұлы кәсібін екі бие, үш інгенмен бастаған. Қазір түйе саны 30-ға жуықтады. Жылқысы 60-тан асты. Бие де түйе сауып, халыққа қымыз-шұбатын ұсынуда. Атажұртқа келген бір бақыт, елге келіп, еңбек етіп, еңсе түзеп, ұрпақ өрбіткен бір бақыт, дейді шаруа.

Миллионер Қажыкенұлы, Мойнақ ауылының тұрғыны:
Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған халге жеттік.  Елімнің іргесі тыныш болғанына мақтан етем. Халқымның бай-қуатты болғанына мақтан етем. Қазір еңбек істеген кісіге бәрі бар. Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды.

Отағасының ерекше есіміне келер болсақ, Моңғолияда анасын босандырған ұлты орыс акушер қойып кетіпті. Миллионер Қажыкенұлы мен Майра Саясиқызы үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Ұлдарының алды мал шаруашылығында болса, келіндері ене жолын қуып, малдан алынған өнімді өндіріп, ұқсатуда.

Отбасылық кәсіпте кішкентай немерелерге де жұмыс бар. Бірі қозы-лаққа қараса, ересектері әжесіне май шайқап, құрт жасап қолғабыс. Бұл әулет былтыр індет қаһарына мінген тұста табиғи өнімдерімен науқастардың тез оңалып кетуіне бір кісідей үлес қосты.

Майра Саясиқызы, Мойнақ ауылының тұрғыны:
Денсаулығына байланысты қан азайған адамдар, өкпесі ауырған адамдар, бөріткен шыққан адамдар, ішкі құрылысы ауыратын әйел адамдар өркешінен, түйенің сүтінен көп сұрайды.

Жалпы Жетісу жеріне қоныс аударған қандастардың дені осы мал шаруашылығында. Ата кәсіптен бөлек қолөнер шеберлері, орта және шағын бизнесте ел дамуына өз үлестерін қосып келеді.

Құрметбек Сансызбайұлы, «Отандастар қоры» қоғамдық ұйымы облыстық филиалының төрағасы:
Осы шекара ашылса әлі де бір лап етіп келейін деп отырған миллион қазақ бар.

Жер бетіне тарыдай шашылған қазақтардың атажұртқа оралуы – тәуелсіздік жемісі мен жеңісі. Миллионер Қажыкенұлының берекелі шаңырағы соның бір ғана мысалы.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу