Әйелдерге арналған ипотекалық бағдарламаға өтінім қабылдау басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әйелдерге арналған ипотекалық бағдарламаға өтінім қабылдау басталды

13.04.2021

Әйелдерге арналған ипотекалық бағдарламаға бір күнде 1500-нан астам өтінім келіп түсті. Гендерлік теңдікті жетілдіруге арналған бағдарламаға өтінім қабылдау кеше басталды. Ерекшелігі сол, бастапқы жарна төмен, яғни 15 пайыз. Мәселен, 10 млн теңгенің үйін алсаңыз 1 жарым млн теңге баспаналы болуыңызға жеткілікті. Бұған дейін есепшот немесе депозитіңіздің болуы маңызды емес. Бағдарламаға жасы 18-ге толған, тұрақты жұмысы бар,соңғы алты айдағы табысын растай алатын кез келген қыз-келіншектер қатыса алады. Десе де отбасылық ортақ табыс 320 мыңнан көп болмауы шарт. Тұрақты мекенжай анықтамасын көрсетудің қажеті жоқ. Атыңызда өзге үйдің болу-болмауы маңызды емес. Жаңа немесе ескі үйлерді алуға да болады.. Тек құны 30 млн-нан аспаса болғаны.

Сондай-ақ үйден бөлек, баспанаға жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 3 млн 700 мың теңгеге дейін несие рәсімдей аласыз. Несиенің жылдық мөлшерлемесі 12 процент. Егер үй алған соң 3 жыл ішінде рәсімделген несиенің 50 пайызын жапқан жағдайда жылдық пайыздық мөлшерлеме 5 пайызға дейін төмендететін мүмкіндік бар. Өтінімді «Отбасы банкінің» сайтында онлайн бере аласыз.

Әсел Төлеуғалиева, «Отбасы банкі» орталық филиал директорының орынбасары:
Негізгі айырмашылығы төмендетілген алғашқы жарна, екіншіден пайыздың төмендетілген мүмкіндігі, үшіншіден әйел азаматтарға арналған және де табыс көзі төмен азаматшаларға арналған деп айтсақ болады.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу