Еліміздің бірқатар өңірінде карантин күшейтіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің бірқатар өңірінде карантин күшейтіледі

09.04.2021

Еліміздің бірқатар аймақтарында келесі аптадан бастап карантиндік шектеулер күшейтіледі. Мәселен, Алматы облысында банкет залдары жұмысын тоқтатып, мешіт-шіркеулерде діни рәсімдер өткізуге тыйым салынады. Ақмола облысында да театрлардың, көңіл көтеру орындарының қызметіне рұқсат жоқ. 

Алматы облысында 12 сәуірден облыс және ауданаралық қоғамдық көліктер қозғалысына шектеу қойылды. Аумағы 2 мың шаршы метрден асатын азық-түліктік емес сауда орындары жұмысын тоқтатады. Карантиндік шаралардың қатаңдауына өңірдегі эпидахуалдың күрделенуі себеп. Соңғы тәулікте облыста 254 адам індетке шалдыққан.

Ақмола облысында азық-түліктік емес сауда орындары, фитнес орталықтары, бассейндер, сауналар сенбі, жексенбі жұмыс істемейді. Қоғамдық тамақтану орындарының, азық-түлік сататын дүкендерді түнгі онға дейін ғана ашық тұрады. Бұл шектеулер 11 сәуірден бастап күшіне енеді. Соңғы бір аптада инфекция жұқтыру 1,6 есе өскен.

Солтүстік Қазақстанда мешіттерде бес уақыт намаз бен жұма намаз оқылмайды. Мәдени шараларға да шектеу қойылды. Спорттық жарыстар көрерменсіз өтеді. Мектепке дейін мекемелерде тек кезекші топтар жұмыс істейді. Қызметкер саны 15 адамнан асатын ұжымдар онлайн жұмыс істеуге көшіріледі.

Қуаныш Қанатұлы


карантин

Хабарламаларға жазылу