Бірқатар өңірінде карантин шектеулері күшейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бірқатар өңірінде карантин шектеулері күшейді

14.07.2021

Елдегі эпидахуалдың нашарлауына байланысты бірқатар өңірінде шектеу шаралары күшейтіліп жатыр. Бүгін Солтүстік Қазақстанда жаңа қаулы күшіне енді. «Ашық» жобасына қатыспайтын мәдениет орындарының қызметі уақытша тоқтатылады. Жақын күндері Павлодар, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарында да карантиндік тәртіп өзгермек.

Теріскейде коронавирусқа шалдыққандар саны күрт көбейді. Жаңа шектеу тәртібіне сәйкес сауда-саттық орындары, қоғамдық тамақтану, спорт нысандарының жұмыс кестесі қысқарды.

Ал Батыс Қазақстан аудандарындағы инфекциялық ауруханалар түгелдей дерлік науқасқа толған. Демалыс күндері қоғамдық көлік қозғалысы тоқтайды. Мейрамхана, дәмхана, ашық базарлар жұмыс істемейді.

Мұқамғали Арыспаев, Батыс Қазақстан облысының бас санитар дәрігері:
Дүкендер бар, ауданы 2000 шаршы метрге дейін, егер Ashyq-та болмаса, сенбі-жексенбі - екі күнге жұмысын тоқтатады. Ashyq-пен жұмыс істейтін үлкен сауда үйлерінің жұмыс уақыты бұрын кешкі 21.00-ге дейін болса, енді 18.00-ге дейін болады.

Жаңа тәртіп 17 шілдеден бастап күшіне енбек. Дәл осы күні Ақмола облысының тұрғындары үшін де шектеу шаралары күшейтіледі. Өңірде алдыңғы аптамен салыстырғанда науқастар саны 3 есе көбейген. Қалааралық автобус қатынасы тоқтайды. Жабық жағажайлар мен аквопарктердің, ойын алаңдарының жұмысына рұқсат жоқ. Көпшілік іс-шаралар, спорттық жарыстар өткізуге болмайды.

Павлодар облысында да жаңа қаулы шықты. Карантин талаптары ертеңнен бастап күшейтіледі.

Батырбек Әлиев, Павлодар облысының бас санитар дәрігері:
Облыстағы үш қала түгелдей «қызыл» аймақта тұр. Ақтоғай, Успенка, Баянауыл, Шарбақты аудандарында да осындай жағдай. Аурудың таралуын тежеу мақсатында карантинді күшейтуге мәжбүрміз. Өйткені, тұрғындар денсаулығының маңызды ештеме жоқ.

Қазір Павлодар облысында «жасыл» аймақта тұрған екі аудан ғана қалды. Облыс орталығында жалған вакцина паспорты мен ПТР анықтамасын жасап сатқан медбикеге қатысты тергеу амалдары басталды.

Эльмира Кәленова

Хабарламаларға жазылу