Ақтөбеде 54 жастағы ер адам үш күннен бері табылмай жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде 54 жастағы ер адам үш күннен бері табылмай жатыр

12.11.2018

Ол соңғы рет ұялы телефонынан төтенше жағдайлар қызметіне 10 қараша күні сағат 04:56-да қоңырау соғып, көмек сұраған.  Содан бері іздестіру жұмыстары жүріп жатыр, бірақ, әзірге нәтижесіз.

Жақсыбек Кемал, тілші:

- Жоғалған тұрғын соңғы рет ауыл маңындағы мына өзен жағасынан хабарласқан. Ол өзінің талға әрең ілініп тұрғынын айтқан. Одан кейін байланыс үзілген. Құтқарушылар, міне, үшінші күн оны таба алмай жатыр.

Іздестіру жұмыстарына Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен кинологтар жұмылдырылған. Еріктілер де көмек қолын созуда. Мамандар өзен аумағын квадракоптермен де шолып шықты. Дегенмен, бұл жұмыстар әзірге нәтиже берген жоқ.

Нұрбол Бозшин, іздестіру жасағының жетекшісі:

- Шығатын, жете алмай қалды деген жерлермен, сай-сала, шұңқырлармен іздеп жүрміз. Бүгін Ақшатты қарап шығамыз.

Туыстарының айтуынша, Кенжебай Алдашев мал шаруашылығымен айналысқан. Қаладан шамамен 20 шақырымдай жерде жеке қожалығы бар екен. Ол сол ауылдан қалаға қарай шығып, жарты жолда адасып кеткен.

Жоғалған тұрғынның ағасы:

- Хабарласа алмаған. Ұялы телефоны сөніп қалған болуы керек. Бір рет хабарласқан, содан кейін жоқ. Төтенше жағдайлар қызметінің адамдары іздеп жатыр.

Жоғалған тұрғынның туыстары оның аман-сау табылатынан әлі де үмітті. Ал, Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері іздестіру жұмыстарына Ұлттық гвардия сарбаздарының да тартылып жатқанын жеткізді.

 

Жақсыбек КЕМАЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу