2020 жылы еріктілер қатары күрт өскен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2020 жылы еріктілер қатары күрт өскен

12.03.2021

Осыдан 1 жыл бұрын елімізде коронавирус індеті тарап, төтенше жағдай жарияланды. Қатерлі вирус өршіген шақта көмекке мұқтаж жандардың да қатары артты. Осындай сәтте ел азаматтары бірлесе жұмылып, бір-біріне қол ұшын созуға асықты. Әркім шама-шарқы келгенше бір біріне көмекке ұмтылды.

24 жастағы Сейілхан өткен жылы экономист мамандығында оқып жүрген студент еді. Медицина мамандары жетпей жатқанын естіген бойда өз еркімен ауруханаға барады. 6 ай бойы үй бетін көрмей, волонтер ретінде науқастарға жәрдемдесті.

Сейілхан Мұсаев, волонтер:
Мен әпкеммен және досыммен бардым. Бұл біздің азаматтық борышымыз. Қол қусырып отыра алмадық. Бірақ анама өте қиын болды. Ол кісі мені 6 ай бойы көрген жоқ. Жылады, біз үшін қатты уайымдады. Қазір бәрі жақсы. Ал дәрігерлер менің еңбегімді бағалап, сол инфекциялық ауруханаға жұмысқа алды.

Ал Наргиз волонтерлықпен 15 жылдан бері айналысып келеді. Бұл менің өмірімнің бір бөлшегі дейді ол. Төтенше жағдай мен карантин кезінде өзге де еріктілермен бірігіп үй-үйге азық-түлік пен тегін маска таратқан. Жалғыз қалған қарттардың үй шаруасына көмектесіп, батасын алыпты.

Наргиз Әбділмұратқызы, ҚХА мүшесі, волонтер:
Нұр-Сұлтан қаласын алатын болсақ, өте көп ұйымдар бар. Біз бәріміз бірігіп алдыңғы шепке шықтық. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, бірге жұмыс атқардық.

Былтыр #БІРГЕМІЗ акциясы аясында Елорданың өзінде 30 мыңнан аса азық-түлік себеттері таратылып, 2 млн 300 мыңдай маска тегін берілген. Оқушылардың онлайн сабағы үшін 6 мың ноутбук мен 3500 телефон/планшеттер сыйға тартылды. Бұл статистикаға енген қайырымдылық шарасының бір бөлігі ғана. Одан бөлек, еліміздің медценаттары, кәсіпкерлері, ірі холдинг, компаниялар, қоғам белсенділері мен өзге де мейірімді жандар коронавируспен күреске қыруар қаражат бөлді.

Наргиз Әбділмұратқызы, ҚХА мүшесі, волонтер:
Волонтерлар саны 2020 жылы күрт өсті. Ал олардың қатары әлі де артып жатыр, азаймайды.

Президент еріктілер жылының қорытындысында мұнымен қайырымдылық шарасы тоқтап қалмайтынын, әлі де атқарылар жұмыс шаш етектен екенін қадап айтты. Сәйкесінше, 2021 жылы «Қайырымдылық марафоны» қолға алынып, 2 ай ішінде республика бойынша 135 іс-шара ұйымдастырылды. 2000-нан астам адамға қолдау көрсетілді. Сондықтан мейірімді жандар қатары азаймақ емес. Керісінше, ел басына қиындық туса, бірлікпен ғана еңсерерімізді барша халық ұққандай.

Ақниет Балтанова


Хабарламаларға жазылу